Ғалым халықаралық журналдарға ғылыми мақала жариялау тәсілдерін түсіндірді — ҚазҰУ

91ý

Ғалым халықаралық журналдарға ғылыми мақала жариялау тәсілдерін түсіндірді

11 маусым 2026
Ғалым халықаралық журналдарға  ғылыми мақала жариялау тәсілдерін түсіндірді

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде белгілі пәкістандық ғалым, Пенджаб университетінің профессоры және АҚШ-тағы Virscend University жоғары оқу орнының аға ғылыми қызметкері,  доктор Раб Наваз Лодхидің көшбасшылық дәрісі өтті.

Іс-шараға университеттің оқытушы-профессорлық құрамы, жас ғалымдар, докторанттар мен магистранттар қатысты. Көшбасшылық дәріс халықаралық тәжірибе алмасуға және цифрландыру мен жаһандану жағдайындағы жоғары білімді трансформациялаудың өзекті мәселелерін талқылауға арналған маңызды алаңға айналды.

Доктор Раб Наваз Лодхи – Journal of Hospitality and Tourism Technology журналының шақырылған редакторы, сондай-ақ Азия-Тынық мұхиты аймағы бойынша NVivo бағдарламалық қамтамасыз ету жөніндегі Emerald/QSR International халықаралық сертификатталған тренері. Ол сандық және сапалық зерттеу әдістері, аралас зерттеу дизайндары, NVivo, MaxQDA, Atlas.ti, SPSS, AMOS, SmartPLS және MPlus аналитикалық платформалары бойынша халықаралық тренер ретінде танымал.

Ғалым «ҚазҰУ – академиялық инновациялар мен жаһандық ынтымақтастықтың хабы: зерттеу үздігі, жасанды интеллект және халықаралық жоғары білім туралы шақырылған профессордың көзқарасы» тақырыбында дәріс оқыды. Өз сөзінде дәріскер университеттің ғылыми зерттеулер, халықаралық ықпалдастық және жоғары білікті мамандар даярлау салаларындағы жетістіктерін атап өтіп, ҚазҰУ-дың әлемдік білім беру кеңістігіндегі ұстанымын одан әрі нығайтудың маңыздылығына тоқталды.

Профессор сондай-ақ Scopus деректер базасында сапалы ғылыми мақалалар жариялау тәсілдерін және ғылыми жұмыстардың халықаралық стандарттарға сәйкестігін қамтамасыз ету жолдарын түсіндірді. Ол қазіргі білім беру мен ғылымда жасанды интеллект құралдарын тиімді пайдаланудың маңызын атап өтіп, университеттің халықаралық беделін арттыру және АҚШ пен Пәкістанның жетекші жоғары оқу орындарымен тәжірибе алмасу мүмкіндіктерін талқылады.

Дәріс барысында жоғары білімді дамытудың заманауи әлемдік үрдістері, университеттердің халықаралық бәсекеге қабілеттілігін арттыру тетіктері, академиялық ұтқырлықты кеңейту және әлемнің жетекші ғылыми-білім беру орталықтарымен серіктестік байланыстарды нығайту мәселелері қарастырылды.

 

 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Баспасөз қызметі