«Таза Қазақстан» акциясы аясында «Экология» және «География» білім беру бағдарламаларының студенттері экологиялық сенбілікке қатысты — ҚазҰУ

91ý

«Таза Қазақстан» акциясы аясында «Экология» және «География» білім беру бағдарламаларының студенттері экологиялық сенбілікке қатысты

3 маусым 2026
«Таза Қазақстан» акциясы аясында «Экология» және «География» білім беру бағдарламаларының студенттері экологиялық сенбілікке қатысты

2026 жылғы 3 маусымда республикалық «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің География және табиғатты пайдалану факультетінің студенттері Алматы мемлекеттік табиғи қорығының аумағында (Талғар өзені, Талхиз алқабы) экологиялық сенбілік өткізді.

Іс-шараға «Экология» және «География» білім беру бағдарламаларының 150-ге жуық студенті, сондай-ақ факультеттің профессор-оқытушылар құрамы қатысты. Сенбілік барысында аумақты тазарту жұмыстары жүргізіліп, экологиялық мәдениетті қалыптастыруға және қоршаған ортаға ұқыпты қарауды насихаттауға бағытталған шаралар ұйымдастырылды.

Акцияның ерекше маңыздылығы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті мен Алматы мемлекеттік табиғи қорығының өңірдің бірегей табиғи экожүйелерін сақтау бағытындағы ынтымақтастығымен айқындалды. Талғар өңірі өзінің табиғи байлығымен қатар тарихи-мәдени мұрасымен де танымал. Мұнда ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне «Жібек жолдары: Чанъань – Тянь-Шань дәлізі бағыттарының желісі» нысанының құрамында енгізілген көне Талхиз қалашығы орналасқан.

Экологиялық акция барысында оқытушылар А.Қ. Таныбаева, А.А. Ошақбай, Н. Құрбанқожа, Т.А. Базарбаева және А.М. Рыскелдиева студенттерге қоршаған ортаны қорғаудың, биоалуантүрлілікті сақтаудың және табиғи ресурстарды ұтымды пайдаланудың маңыздылығы, сондай-ақ Тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізудегі экологиялық бастамалардың рөлі туралы баяндады.

Іс-шара әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті мен Алматы мемлекеттік табиғи қорығының бірлескен ұйымдастыруымен өтіп, жастардың экологиялық жауапкершілігін арттыруға, білім беру және табиғат қорғау ұйымдары арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға, сондай-ақ «Таза Қазақстан» республикалық акциясының міндеттерін жүзеге асыруға өз үлесін қосты.