«Қазақстандағы эколог мамандығы: түлектен сұранысқа ие маманға дейін» атты шеберлік сабағы — ҚазҰУ

91ý

«Қазақстандағы эколог мамандығы: түлектен сұранысқа ие маманға дейін» атты шеберлік сабағы

12 маусым 2026
«Қазақстандағы эколог мамандығы: түлектен сұранысқа ие маманға дейін» атты шеберлік сабағы

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің География және табиғатты пайдалану факультетінің Тұрақты даму бойынша ЮНЕСКО кафедрасында «Қазақстандағы эколог мамандығы: түлектен сұранысқа ие маманға дейін» тақырыбында студенттерге арналған кәсіптік бағдар беру шеберлік сабағы өтті.

Іс-шараның спикері ретінде ҚазҰУ түлегі, эколог-практик, Ecology Consulting компаниясының жетекшісі және EcoDos жобасының негізін қалаушы, қоғам қайраткері әрі кәсіпорындарды экологиялық сүйемелдеу саласының сарапшысы Ботакөз Садыбекова сөз сөйледі. Кездесу барысында спикер экология, экологиялық жобалау, экологиялық консалтинг және тұрақты даму салаларындағы 13 жылдан астам кәсіби тәжірибесімен бөлісті.

Шеберлік сабағы аясында экология саласының қазіргі даму үрдістері, экологтардың кәсіби қызметінің сұранысқа ие бағыттары, түлектерді жұмысқа орналастыру перспективалары, сондай-ақ жұмыс берушілердің жас мамандарға қоятын талаптары қарастырылды. ESG-есептілік, декарбонизация, циркулярлық экономика, экологиялық аудит, қалдықтарды басқару және экологиялық консалтинг сияқты өзекті бағыттарға ерекше назар аударылды.

Қатысушылар Қазақстанның еңбек нарығына жүргізілген талдаумен, эколог мамандардың әртүрлі бағыттар бойынша жалақы деңгейімен, мансаптық мүмкіндіктерімен және табысты жұмысқа орналасу үшін қажетті негізгі кәсіби құзыреттермен танысты.

Интерактивті талқылау барысында қатысушылар өз білімдерін бағалап, экология саласындағы табысты мансаптық жолды қалыптастыру бойынша құнды ұсыныстар алды.

Іс-шара «Экология» білім беру бағдарламасының студенттері үшін кәсіби бағдар берудің маңызды алаңына айналып, экологиялық қызметтер нарығы туралы түсініктерін кеңейтуге және университеттік білім мен қоршаған ортаны қорғау саласындағы практикалық қызмет арасындағы байланысты нығайтуға мүмкіндік берді.

Шеберлік сабағының қорытындысы бойынша қатысушылар кәсіби дағдыларын дамытуға, бәсекеге қабілетті портфолио қалыптастыруға және экология саласындағы мансабын сәтті бастауға арналған құнды ұсыныстарға ие болды.