«ҚазҰУ-дың үздік оқытушысы» байқауында шеберлік пен кәсібилікке көрсетілген құрмет
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде білім беру бағдарламалары мен академиялық ортаның дамуына елеулі үлес қосып жүрген оқытушыларды ынталандыруға және қолдауға бағытталған «ҚазҰУ-дың үздік оқытушысы» байқауы өз мәресіне жетті.
Байқау үш кезеңнен тұрды. Қатысушылардың білім беру және оқу-әдістемелік қызметінің нәтижелері сараланып, ашық дәрістер мен семинарлар өткізудегі шеберлігі бағаланды. Сонымен қатар пәндердің оқу-әдістемелік кешендерінің (ПОӘК) сапасына жан-жақты талдау жасалды. ылыми кеңестің кезекті отырысында байқау жеңімпаздарын салтанатты марапаттау рәсімі өтті. «Үздік ПОӘК» номинациясы бойынша филология ғылымдарының кандидаты, журналистика факультетінің ЮНЕСКО журналистика және коммуникация кафедрасының аға оқытушысы Александр Викторович Рожков марапатталды. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Басқарма төрағасы – ректор Жансейіт Қансейітұлы Түймебаев жеңімпазға арнайы марапаттау туралы куәлік пен сертификат табыстап, білікті мамандар даярлау жолындағы еңбегіне табыс тіледі.
Александр Викторович Рожковтың кәсіби қызметі медиа, PR және коммуникация салаларымен тығыз байланысты. Ол бұқаралық ақпарат құралдары мен жетекші агенттіктердің ірі редакцияларында жемісті еңбек етіп, білім беру бағдарламаларын әзірлеуге атсалысты. ылыми-практикалық конференциялардың белсенді қатысушысы, оқу-әдістемелік жұмыстардың авторы, авторлық куәліктердің иегері ретінде де танымал. Ол «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісімен марапатталған. Сонымен қатар дипломдық жұмыстарға жетекшілік етіп, магистрлік және докторлық диссертацияларға ғылыми кеңесшілік етеді. Ғалым-ұстаздың қоржынында 100-ден астам ғылыми еңбек бар. Олардың қатарында Scopus және Web of Science халықаралық дерекқорларына енген беделді ғылыми журналдарда жарияланған мақалалар да кездеседі. А. В. Рожков әзірлеген пәндердің оқу-әдістемелік кешендері заманауи білім беру талаптарына толық жауап береді. Онда жұмыс берушілердің кәсіби тәжірибесі мен ұсынымдары негізінде жасалған авторлық мазмұндағы инновациялық оқу-әдістемелік материалдар, тиімді әдістемелер мен оқыту технологиялары қамтылған. Бұл кешендер студенттердің теориялық білімін тәжірибелік дағдылармен ұштастырып, коммуникация саласының бүгінгі талаптарына бейімделуіне мүмкіндік береді. Оқытушының көпжылдық педагогикалық тәжірибесі мен сабақ беру әдістері озық үлгі ретінде университет көлемінде ғана емес, республика деңгейінде де кеңінен насихатталып келеді.
Александр Викторович Рожковтың бұл марапаты – оның кәсіби жетістіктері мен ғылыми-педагогикалық еңбегінің, университеттің және еліміздің білім беру саласының дамуына қосқан сүбелі үлесінің лайықты бағалануы, журналистерді даярлаудың маңыздылығын растау. Сондай-ақ байқау жеңімпаздары мен лауреаттарына материалдық ынталандыру ретінде ЦентрКредит банкі тарапынан ақшалай сертификаттар табысталды. Әріптесімізді шын жүректен құттықтап, алдағы ғылыми-педагогикалық қызметіне толағай табыс, шығармашылық шабыт және жаңа жетістіктер тілейміз!
Басқа жаңалықтар