Бейжің Тіл және мәдениет университетінің доценті Ни Минлян әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да дәріс оқыды — ҚазҰУ

91ý

Бейжің Тіл және мәдениет университетінің доценті Ни Минлян әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да дәріс оқыды

24 маусым 2026
Бейжің Тіл және мәдениет университетінің доценті Ни Минлян әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да дәріс оқыды

   2026 жылғы 23 маусымда әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Шығыстану факультетінде Қытайтану кафедрасының ұйымдастыруымен Бейжің Тіл және мәдениет университеті Халықаралық қытай тілі институтының доценті Ни Минлян мырзаның қатысуымен ғылыми-танымдық дәріс өтті.

   Іс-шараға Қытайтану кафедрасының профессор-оқытушылар құрамы қатысып, қазіргі қытай тілін оқытудың заманауи әдістемелері, халықаралық қытай тілін оқыту тәжірибесі, қытай мәдениетін насихаттау жолдары және Қазақстан мен Қытай арасындағы білім беру саласындағы ынтымақтастықтың өзекті мәселелері талқыланды. Ни Минлян мырза халықаралық қытай тілін оқытудағы тәжірибесімен бөлісіп, қатысушылардың сұрақтарына жан-жақты жауап берді.

   Кездесудің ерекше тарихи маңызы болды. Ни Минлян мырза 1984 жылы қазіргі Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Бейжің Тіл және мәдениет университетінде білім алып жүрген кезінде оған қытай жазуы пәнінен дәріс бергенін атап өтті. Бұл дерек Қазақстан мен Қытай арасындағы көпжылдық білім беру және мәдени-гуманитарлық байланыстардың сабақтастығын көрсетеді.

  Дәріс барысында Қазақстан мен Қытай арасындағы гуманитарлық ынтымақтастықтың даму тарихы, қытай тілін сапалы оқытудың маңыздылығы және екі елдің жоғары оқу орындары арасындағы ғылыми-академиялық байланысты одан әрі нығайту мәселелері кеңінен талқыланды. Қатысушылар пікір алмасып, бірлескен ғылыми жобалар мен академиялық ұтқырлық бағдарламаларын дамыту перспективаларын қарастырды.

   Іс-шара соңында Қытайтану кафедрасының профессор-оқытушылар құрамы Ни Минлян мырзаға мазмұнды дәрісі үшін алғыс білдіріп, мұндай кездесулердің қазақстандық қытайтанушылардың кәсіби біліктілігін арттыруға және Қазақстан–Қытай ғылыми-білім беру ынтымақтастығын дамытуға зор үлес қосатынын атап өтті.