ҚазҰУ – елдегі ең сұранысқа ие жоғары оқу орны — ҚазҰУ

91ý

ҚазҰУ – елдегі ең сұранысқа ие жоғары оқу орны

24 маусым 2026
ҚазҰУ – елдегі ең сұранысқа ие жоғары оқу орны

Тәуелсіз аккредиттеу және рейтинг агенттігі (IAAR) 2026 жылғы Қазақстан Республикасы жоғары оқу орындарының сұранысқа иелігінің тәуелсіз рейтингі қорытындысын жариялады. Зерттеу нәтижесі бойынша, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ рекордтық көрсеткішпен ең жоғары балл жинап, еліміздегі үздік университет мәртебесін кезекті рет дәлелдеді және отандық ЖОО-лар арасында көш бастап, 1-орынға ие болды. 

Сарапшылардың мәліметінше, биыл рейтингте бағаланған білім беру бағдарламаларының саны 10,7 пайызға өскен. Бұл отандық университеттердің халықаралық стандарттар бойынша білім сапасын арттыруға деген қызығушылығының жоғары екенін көрсетеді. «ҚР ЖОО Топ-20» бас рейтингінің көшбасшысы болып дәстүрлі түрде 611 393 балл жинаған Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті танылды. Айта кетерлігі, ҚазҰУ-дың жинаған ұпайы екінші және үшінші орындағы ЖОО-лардан едәуір жоғары. Рейтингтің үздік үштігіне Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті (394 615 балл) және С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университеті (276 930 балл) енді.

Биылғы зерттеу нәтижелерін талдау қазақстандық ғалымдардың ғылыми өнімділігінің де жоғары деңгейде екенін айғақтады. Мәселен, профессор-оқытушылар құрамы жарияланымдарының 26 пайызы беделді бірінші квартильдегі (Q1), 35 пайызы екінші квартильдегі (Q2) және 39 пайызы үшінші квартильдегі (Q3) халықаралық импакт-факторы жоғары ғылыми журналдарға тиесілі.

Бұл ретте Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті академиялық ұтқырлық пен түлектердің еңбек нарығындағы сұранысқа иелігі бойынша сөзсіз көшбасшылығын тағы да бекітті. Сонымен қатар университет ақпараттық технологиялар және цифрлық құзыреттіліктерді дамыту саласында жетекші орындарға ие болды. ҚазҰУ халықаралық ынтымақтастықты белсенді түрде кеңейтіп, ғалымдардың жарияланымдық белсенділігін арттыруда және ірі жұмыс берушілермен байланысты тұрақты нығайтуда.

Сала мамандарының пікірінше, осы ұлттық рейтингке қатысу білім беру қызметтерінің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға ықпал етеді және заманауи жаһандық талаптарға жауап береді. Ең бастысы, бұл зерттеу – талапкерлер, жұмыс берушілер мен бүкіл академиялық қауымдастық үшін жоғары білім беру жүйесінің ашықтығы мен сенімділігін қамтамасыз ететін басты бағдар.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Баспасөз қызметі