Орталық Азиядағы жаңа серіктестік
Қырғызстандағы М.М.Адышев атындағы Ош технологиялық университетінде «Жоғары оқу орындарында Тұрақты даму мақсаттарын іске асырудағы Еуропа, Түркия және Орталық Азия тәжірибесі» атты халықаралық зерттеу форумы өтті. Ауқымды іс-шара жоғары білім беру жүйесіне тұрақтылық принциптерін интеграциялау мәселелерін талқылау үшін Австрия, Түркия, Қазақстан, Тәжікстан, Өзбекстан және Қырғызстанның жетекші сарапшыларының басын қосты.
Халықаралық форум аясында Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ мен ОшТУ арасындағы серіктестік ресми түрде бекітіліп, өзара ынтымақтастық меморандумына қол қойылды. Алқалы жиынға ҚазҰУ атынан Пан Ги Мун атындағы Тұрақты даму институтының директоры Диляра Урманова қатысты. Конференция барысында ол ҚазҰУ Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев алдын ала бекіткен маңызды құжатты ОшТУ басшылығына ресми түрде табыстады. Бұл келісім екіжақты бірлескен жұмыстың жаңа кезеңіне жол ашады.

Форумға қатысушылар тұрақты университеттер консорциумын құру, академиялық ұтқырлықты белсенді дамыту және бірлескен ғылыми-зерттеу жобаларын іске асыру мәселелерін көтерді. Басты назар ТДМ-ны білім беру жүйесіне енгізу саласындағы халықаралық үздік тәжірибелермен және ғылыми зерттеулердің нәтижелерімен алмасуға аударылды.

Сарапшылардың пікірінше, ҚазҰУ мен ОшТУ арасындағы байланыстарды нығайту студенттер мен ғалымдар үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашып, академиялық орта арқылы жаһандық экологиялық және әлеуметтік міндеттерді шешуге ықпал етеді.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Баспасөз қызметі