«6B11101 – Туризм» білім беру бағдарламасының студенттері Өзбекстан Республикасында халықаралық өндірістік тәжірибеден өтті — ҚазҰУ

91ý

«6B11101 – Туризм» білім беру бағдарламасының студенттері Өзбекстан Республикасында халықаралық өндірістік тәжірибеден өтті

24 маусым 2026
«6B11101 – Туризм» білім беру бағдарламасының студенттері Өзбекстан Республикасында халықаралық өндірістік тәжірибеден өтті

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті География және табиғатты пайдалану факультеті Рекреациялық география және туризм кафедрасының «6B11101 – Туризм» білім беру бағдарламасы бойынша 2 курс студенттері Өзбекстан Республикасында өндірістік халықаралық тәжірибеден өтті.

Тәжірибе 2025–2026 оқу жылында білім беру бағдарламасының оқу жоспарына сәйкес ұйымдастырылды. Тәжірибенің көшпелі бөлігі Алматы – Ташкент – Бұхара – Самарқанд – Ташкент – Алматы бағыты бойынша өткізілді. Тәжірибе жетекшілері: аға оқытушы Жилкибаева М.И., доцент м.а. Шакен А.Ш. және аға оқытушы Есенов М.Н.

Халықаралық тәжірибенің негізгі мақсаты – студенттердің теориялық білімдерін бекіту, халықаралық туризм, шетелдік туристік бағыттарды ұйымдастыру, экскурсиялық қызмет көрсету, Ұлы Жібек жолы маршруттарында туристерді қабылдау және қызмет көрсету салалары бойынша кәсіби құзыреттерін қалыптастыру.

Тәжірибе барысында студенттер Ташкент, Бұхара және Самарқанд қалаларының туристік инфрақұрылымымен танысып, қабылдаушы туристік компанияның қызметін, гидтер мен экскурсоводтардың жұмыс ерекшеліктерін, қонақүйде орналастыру, тамақтандыру, көлікпен қамтамасыз ету және экскурсиялық бағдарламаларды ұйымдастыру тәртібін зерделеді.

Ташкент қаласында студенттер Ескі қала, Хаст-Имам кешені, Барақ-хан медресесі, Тилля-Шейх мешіті, Әмір Темір алаңы, Тәуелсіздік алаңы және Қолданбалы өнер музейі сияқты тарихи-мәдени нысандарды аралады. Бұхара қаласында Боло-Хауз мешіті, Арк қамалы, Пои-Калян ансамблі, Мир-Араб медресесі және тарихи сауда күмбездерімен танысты. Самарқанд қаласында Регистан алаңы, Гури-Эмир кесенесі, Шахи-Зинда кешені және Сияб базары бойынша экскурсиялар ұйымдастырылды.

Тәжірибе барысында студенттер туристік ақпараттарды жинау және талдау, экскурсиялық мәтін дайындау, туристік нысандарды таныстыру әдістері, топпен жұмыс істеу, туристік маршрутты ұйымдастыру және есептік құжаттарды әзірлеу бойынша практикалық дағдыларын жетілдірді. Сонымен қатар қауіпсіздік ережелері, шетелдік ортадағы мінез-құлық этикасы, мәдениетаралық қарым-қатынас мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Өндірістік халықаралық тәжірибе нәтижесінде студенттер бағдарлама талаптарын толық орындап, тәжірибе күнделіктерін, есептерін және презентациялық материалдарын дайындады. Аталған тәжірибе болашақ туризм мамандарының кәсіби даярлығын арттыруға, халықаралық туристік маршруттарды ұйымдастыру бойынша практикалық білімін кеңейтуге және Орталық Азия елдерінің туристік әлеуетін тереңірек түсінуге мүмкіндік берді.