ҚазҰУ-дың төрт ғалымы Топ-100 қатарына енді — ҚазҰУ

91ý

ҚазҰУ-дың төрт ғалымы Топ-100 қатарына енді

24 маусым 2026
ҚазҰУ-дың төрт ғалымы Топ-100 қатарына енді

Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Ұлттық ғылым академиясы еліміздегі ең көп дәйексөз келтірілетін ғалымдардың рейтингін жариялады. Тізімге соңғы жылдары еңбектері халықаралық ғылыми қауымдастық тарапынан жоғары бағаланған зерттеушілер енді.

     Рейтинг ғылымның барлық бағыттарын қамтиды және халықаралық Web of Science деректер базасында индекстелген қазақстандық авторлардың жарияланымдары негізінде жасалған. Бағалау барысында 2021-2025 жылдары жарық көрген ғылыми мақалалар мен шолу еңбектері ескерілді. Сонымен қатар зерттеулердің нақты ғылыми ықпалын анықтау мақсатында өзін-өзі дәйектеу көрсеткіші жоғары жарияланымдар есепке алынбады.

      Ұлттық ғылым академиясының 2026 жылғы маусым айындағы деректеріне сәйкес, Қазақстандағы ең көп дәйексөз келтірілетін 100 ғалымның қатарына Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің төрт өкілі енді.

      Жер және қоршаған орта ғылымдары бағыты бойынша профессор Әлібек Исахов республикада бірінші орынға ие болып, рейтингтің көшін бастады. Сонымен қатар биология ғылымдары саласында Нұралы Әкімбеков 50-орынға, компьютерлік және ақпараттық ғылымдар бағытында Батырхан Омаров 60-орынға, ал физика ғылымдары бойынша Қуантай Бошқаев 71-орынға тұрақтады.

     ҚазҰУ ғалымдарының жоғары көрсеткіштері олардың ғылыми еңбектерінің халықаралық деңгейде сұранысқа ие екенін және әлемдік ғылыми қауымдастық тарапынан кеңінен мойындалғанын көрсетеді. Отандық зерттеушілердің еңбектері шетелдік әріптестер тарапынан жиі дәйектеліп, заманауи ғылымның дамуына елеулі үлес қосып келеді.

    Соңғы жылдары Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ әлемдік ғылыми-білім беру кеңістігіндегі өз позициясын айтарлықтай нығайтты. Университет халықаралық әріптестікті жүйелі түрде дамытып, ғалымдардың жарияланымдық белсенділігін қолдауға және әлемдік деңгейдегі зерттеулер жүргізуге қолайлы жағдай жасауға ерекше көңіл бөлуде. Соның нәтижесінде университет ғалымдарының ғылыми еңбектері беделді халықаралық журналдарда тұрақты жарияланып, әлемнің түрлі елдеріндегі академиялық ортада жоғары бағалануда.

       ҚазҰУ-дың төрт ғалымының еліміздегі ең көп дәйексөз келтірілетін зерттеушілер қатарына енуі университеттің ғылыми мектептерінің әлеуетін, сондай-ақ қазақстандық ғылымның халықаралық деңгейдегі беделі мен бәсекеге қабілеттілігінің артып келе жатқанын тағы бір мәрте дәлелдеді.

 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Баспасөз қызметі