- Басты бет
- Арт орталық
- Рухани көпір және мәдени серпіліс: ҚазҰУ өнерпаздары Сиань сахнасын бағындырды
Рухани көпір және мәдени серпіліс: ҚазҰУ өнерпаздары Сиань сахнасын бағындырды
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев Қытайдың жетекші жоғары оқу орындарының бірі – Сиань Цзяотун университетінің 130 жылдық мерейтойына арналған салтанатты іс-шараларға қатысты.
Ауқымды халықаралық шара аясында өткен ректорлар форумында білім және ғылым саласындағы жаһандық ынтымақтастықты нығайту, академиялық байланыстарды кеңейту және бірлескен стратегиялық жобаларды жүзеге асыру мәселелері талқыланды. Алқалы жиынға әлемнің түкпір-түкпірінен келген жетекші ЖОО басшылары мен халықаралық сарапшылар қатысты.Университетаралық стратегиялық серіктестікті іс жүзінде бекемдеу мақсатында, бұл сапар аясында ҚазҰУ-дың мәдени және концерттік бағдарламасы ұйымдастырылды.
Сапардың сәтті өтуін қамтамасыз етуде университет әкімшілігі мен құрылымдық бөлім қызметкерлерінің үйлесімді жұмысы ерекше рөл атқарды. Қызметкерлер тарапынан іс-шараның ұйымдастырушылық, техникалық және логистикалық деңгейі жоғары дәрежеде пысықталып, бағдарламаның мазмұндық сапасы тиісті деңгейде қамтамасыз етілді.
Мерейтойлық шараның мәдени бағдарламасында ҚазҰУ-дың Арт-орталығына қарасты шығармашылық ұжымдары басты рөл атқарды. Атап айтқанда, студенттік би ансамблі, «Фараби сазы» халықтық аспаптар этноансамблі және вокалистер тобы Сиань Цзяотун университетінің сахнасында қазақ халқының бай өнері мен мәдени мұрасын таныстырды. Кәсіби деңгейде дайындалған концерттік бағдарлама халықаралық қауымдастық пен шетелдік көрермендер тарапынан жоғары бағаға ие болды.
Бұл сапар университет басшылығының қолдауымен жас таланттардың шығармашылық әлеуетін халықаралық деңгейде дамытуға және екі ел арасындағы рухани-мәдени дипломатияны нығайтуға бағытталған маңызды қадам болып табылады. Өз кезегінде өнерпаз студенттер мен шығармашылық ұжым жетекшілері жастарға халықаралық сахнада тәжірибе жинақтауға мүмкіндік беріп, осындай ауқымды іс-шараны ұйымдастырғаны үшін ЖОО басшылығына ризашылықтарын білдірді.