ҚазҰУ-да дәстүрлі Түлектер күні атап өтілді — ҚазҰУ

91ý

ҚазҰУ-да дәстүрлі Түлектер күні атап өтілді

30 мамыр 2026
ҚазҰУ-да дәстүрлі Түлектер күні атап өтілді

Үстіміздегі жылдың 30 мамырында Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде дәстүрлі «Түлектер күні – 2026» мерекелік іс-шарасы өтті. Салтанатты жиынға ҚР Президентінің кеңесшісі Бауыржан Омаров, ҚР Парламенті Сенатының депутаты Алтынбек Нұхұлы, ҚазҰУ Директорлар кеңесінің төрағасы Қайрат Мәми және ҚазҰУ Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев қатысты. 

Сондай-ақ алтын ұяларымен қауышуға 5 жылдан 60 жылға дейінгі кезеңде оқу орнын тәмамдаған әр жылдардың түлектері арнайы келді.Ауқымды шара Әл-Фараби ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімімен басталды. Мерекелік кешті құттықтау сөзімен ашқан университет ректоры Жансейіт Түймебаев қара шаңыраққа ат басын бұрған барша қонақтарға шынайы ризашылығын білдірді.Жиын барысында ҚР Президентінің кеңесшісі Бауыржан Омаров пен ҚазҰУ Директорлар кеңесінің төрағасы Қайрат Мәми сөз сөйлеп, университет ұжымы мен оның мақтанышына айналған түлектерді айтулы мерекемен құттықтады. Шешендер ҚазҰУ-дың отандық ғылым мен білімнің дамуына қосып келе жатқан үлесін жоғары бағалап, оқу орнының алдағы уақытта да жаңа белестерді бағындыра беретініне сенім білдірді.

Мерекелік концерттік бағдарлама барысында кеш қонақтары аңызға айналған «Армандастар» әнін бірге шырқап, олардың құрметіне зәулім көкке түрлі-түсті отшашу атылды. Салтанатты кештің сәнін келтірген дәстүрлі түлектер вальсі, «Фараби сазы» ұлттық аспаптар студенттік оркестрінің орындауындағы заманауи саундтректер, сондай-ақ жаңадан құрылған «АРТ-лайф бэнд» вокалды-аспапты ансамблі мен 2026 жылғы түлектердің заманауи би қойылымы көрермендердің ерекше ықыласына бөленді. Оқу ордасының халықаралық беделін айшықтай түскен шетелдік студенттер де сахна төрінен табылып, өз құттықтауларын арнады. Алматы қаласына арналған танымал әндердің попурриімен өрбіген салтанатты шара «Жасай бер, ҚазҰУ-ым!» атты патриоттық туындымен салтанатты түрде қорытындыланды.