«Фараби сазы»: ұлттық өнердің 29 жылдық шығармашылық жолы — ҚазҰУ

91ý

«Фараби сазы»: ұлттық өнердің 29 жылдық шығармашылық жолы

29 сәуір 2026
«Фараби сазы»: ұлттық өнердің 29 жылдық шығармашылық жолы

«Фараби сазы» ұлт-аспаптар оркестрі – университетіміздің мәдени өмірінде ерекше орны бар, ұлттық өнерді насихаттап, жастардың рухани дамуына серпін беріп келе жатқан беделді шығармашылық ұжым.

Оркестрдің басты мақсаты – ұлттық аспаптарды насихаттау, қазақ музыка өнерін дәріптеу және жастарды рухани-мәдени тұрғыда тәрбиелеу. Осы бағытта ұжым өз репертуарын қазақтың классикалық күйлерімен, халық әндерімен және қазіргі заман композиторларының шығармаларымен байытып келеді.

Шығармашылық ұжым тек университет деңгейінде ғана емес, республикалық және халықаралық аренада да жоғары жетістіктерге жетіп келеді. Оркестр әлемнің бірқатар елдерінде – Израиль, Қытай, Үндістан, Әзірбайжан, Иордания, Катар, Сауд Арабиясы және өзге де мемлекеттерде концерттер беріп, қазақ ұлттық өнерін халықаралық деңгейде насихаттауда. Бұл сапарлар университеттің халықаралық беделін арттыруға зор үлес қосуда.

2007 жылдан бастап қобыз және домбыра үйірмелерін басқарған, ал 2019 жылдан бері оркестрдің көркемдік жетекшісі қызметін атқарып келе жатқан Сванбаева Зита Әбділдақызы ұжымның шығармашылық деңгейін жаңа биікке көтеріп келеді. Бүгінде «Фараби сазы» – кәсіби деңгейі қалыптасқан, шығармашылық тұрғыдан шыңдалған, ұлттық өнерді дәріптейтін беделді ұжым.

Бүгін, көрнекті ғалым, академик Төлеген Әбдісағиұлы Қожамқұловтың 80 жылдық мерейтойына және оның ғылымдағы бірегей жетістігі – торлы кванттық хромодинамика бойынша КСРО кеңістігінде алғаш рет докторлық диссертация қорғағанына 40 жыл толуына орай ұйымдастырылған 10-шы Халықаралық ғылыми конференцияда «Фараби сазы» ұлт-аспаптар оркестрі өнер көрсетті. Оркестрдің орындауындағы күйлер мен халықтық шығармалар шетелдік және отандық қонақтарға ерекше рухани әсер қалдырып, іс-шараның салтанатты атмосферасын айшықтай түсті.