ҚазҰУ-дың 24 ғалымы Қазақстанның Топ-50 үздік оқытушысы қатарына енді
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің 24 ғалымы Қазақстан Республикасы жоғары оқу орындарының профессор-оқытушылар құрамының Топ-50 бас рейтингіне енді. Рейтинг Қазақстан жоғары оқу орындарының сұранысқа ие болу деңгейінің тәуелсіз бағалауы негізінде жарияланды.
Бұл нәтиже ҚазҰУ-дың еліміздегі жетекші ғылыми-білім беру орталықтарының бірі екенін тағы да дәлелдеді. Университет өкілдері рейтингке енген қатысушылардың жартысына жуығын құрап, қазақстандық жоғары оқу орындары арасындағы ең үздік көрсеткіштердің біріне қол жеткізді.
Рейтингті қалыптастыру кезінде ғалымдардың ғылыми-зерттеу белсенділігі, беделді халықаралық және отандық басылымдардағы жарияланымдары, ғылыми жобаларға қатысуы және жоғары білікті мамандар даярлаудағы еңбегі ескерілді. ҚазҰУ өкілдері жаратылыстану және техникалық ғылымдардан бастап, әлеуметтік-гуманитарлық салаға дейінгі барлық негізгі ғылыми бағыттарда жоғары нәтиже көрсетті.
Соңғы жылдары университет ғылыми зерттеулердің сапасын арттыруға, халықаралық ғылыми байланыстарды кеңейтуге және жас ғалымдарды қолдауға ерекше көңіл бөліп келеді. Заманауи зертханалар мен ғылыми инфрақұрылымның дамуы, сондай-ақ әлемдік ғылыми қауымдастықпен әріптестіктің нығаюы университет ғалымдарының жаңа жетістіктерге жетуіне мүмкіндік беруде.
Қазақстанның үздік 50 оқытушысы мен зерттеушісінің қатарына енген ҚазҰУ-дың 24 ғалымы: Әлібек Исахов, Григорий Мун, Болат Кеңесов, Әлібек Ыдырыс, Болатхан Заядан, Әлия Асқарова, Владимир Джунушалиев, Салтанат Бөлегенова, Әсемгүл Сәдуақасова, Қуантай Бошқаев, Владимир Мессерле, Мұхамбетқали Бүркітбаев, Ерлан Тұрыспеков, Болат Оралбеков, Жандос Тауанов, Гүлмира Яр-Мұхамедова, Нияз Тоқмағамбетов, Валерий Максимов, Лариса Сасыкова, Жанар Жеңіс, Нұралы Әкімбеков, Балақыш Есқалиева, Хабибулла Абдуллин және Аида Қыстаубаева.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Баспасөз қызметі