ҚазҰУ-да жас математиктер байқауы қорытындыланды
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде мектеп оқушыларына арналған республикалық «Олимпиадалық академия» жобасының ақтық кезеңі өз мәресіне жетті. Еліміздің барлық өңірінен жиналған 1408 дарынды оқушы қара шаңырақ қабырғасында білім мен логикалық ойлау қабілеттерін сарапқа салды.

Қорытынды кезең оқушылардың математикалық білімін, логикасын және командалық жұмыс істеу дағдыларын жан-жақты тексеруге бағытталды.
Шараға арнайы қатысқан көрнекті математик, ҚР ҰҒА академигі Асқар Жұмаділдаев мұндай бастамалардың жастар арасында ғылымға деген қызығушылықты арттырудағы маңызы зор екенін айтты. «Болашақта технологиялық әрі бәсекеге қабілетті ел болу үшін математиканы бастауыш сыныптардан бастап сапалы оқытуымыз қажет. Ең бастысы – балаларды осы пәнге қызықтыру», – деп атап өтті академик.

Сайыс қорытындысы бойынша жеке есепте ең жоғары нәтиже көрсеткен оқушылар соңғы үлгідегі iPhone смартфондары сияқты құнды сыйлықтармен марапатталды. Сонымен қатар шәкірттерін финалға дейін жетелеп, кәсіби шеберліктерін паш еткен мұғалімдер арасында да үздік тәлімгерлер ерекше атап өтілді.
Келесі жылы ұйымдастырушылар жобаның ауқымын кеңейтіп, жалпы жүлде қорын 20 миллион теңгеге дейін жеткізуді жоспарлап отыр. Сондай-ақ келесі маусымның басты жаңалығы – үздік шәкірт тәрбиелеген жаттықтырушыға пәтер сыйлау бастамасы болмақ. ҚР білім беру ісінің үздігі Ырысбек Мәуіт бұл қадам ұстаздардың еңбегіне деген ерекше құрмет екенін жеткізді.

«Олимпиадалық академия» – мектеп жасындағы балалардың математикалық мәдениетін қалыптастыруға, ғылым мен технологияға деген құштарлығын ерте жастан оятуға бағытталған ауқымды платформа. Жарыстың өту барысы мен қатысушылардың эмоциясы бұл жобаның ерекше маңыздылығын тағы бір мәрте дәлелдеді.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Баспасөз қызметі