Ұлы дала ғұламаларының мұрасы Ұлыбритания кітапханаларынан табылды
Бабалар мұрасын түгендеп, тарих қойнауындағы құнды жәдігерлерді зерттеу – бүгінгі отандық ғылымның басты міндеттерінің бірі. Осы мақсатта 2026 жылғы 10-20 маусым арасында AP22686474 «Қазақ даласы ойшылдарының әлем мұрағаттарындағы арабтілді дереккөздер антологиясы» ғылыми жоба жетекшісі PhD, қауымдастырылған профессор Жамашев Азамат Шутбаевич Ұлыбританияның Лондон, Кембридж және Эдинбург қалаларына маңызды ғылыми іссапарға барып келді.
Сапардың негізгі мақсаты Ұлыбританияның әлемге әйгілі кітапханалары мен архив қорларын қопарып, қазақ даласынан шыққан ортағасырлық ғұламалар мен ойшылдардың бірегей қолжазбаларын іздеп табу, оларды ғылыми айналымға енгізу болды.

ылыми ізденістің алғашқы әрі ең үлкен ошағы әлемдегі ең ірі кітапханалардың бірі – Британ кітапханасы. Ұлыбритания кітапханаларынан табылған қолжазбалар көне әрі көлемді болып ерекшеленеді. Бұл қордың ислами қолжазбалар каталогтарын мұқият қарастыру барысында маңызды нұсқалар табылды. Кітапхананың отыз мыңнан астам нұсқа сақталған Шығыс қолжазбалары коллекциясынан Әбу Наср Фараби мен өзге де Фарабилердің жиырмадан астам шығармасы табылды. Ең маңыздысы, бұл еңбектердің ішінде ғылым әлеміне еш жерде қайталанбайтын өте құнды, сирек нұсқалар бар болып шықты. Зерттеуші осы баға жетпес жәдігерлермен тікелей жұмыс істеп, олардың мән-мағынасын саралады. Қолжазбалар әлемнің түкпір-түкпірінен, соның ішінде Индия, Түркиядан жинақталған.
Бұл сапарда заманауи мүмкіндіктер де тиімді пайдаланылды. Ұлыбританиядағы ислам әлемі қолжазбаларының бірізді электронды каталогы – «Fihrist» порталы мен әр кітапхананың каталогтары жеке қарастырылды. Ғалымдарымыздың мұрасын сақтаған негізгі қоры: Британ кітапханасы, Кембридж, Оксфорд, SOAS университеттерінің, Итон колледж кітапханалары. Кітапханалардың арнайы коллекцияларындағы зерттеу жұмысы нәтижесінде, интернет базасында алдын ала белгілі болған сексеннен астам құжаттың қатары жаңа деректермен толығып, жүзден астам құнды қолжазба хатталды. Әрине, кітапханалармен шектеліп қалмай, елдің бай тарихы мен мәдениетін тереңірек сезіну үшін Лондон мен Эдинбургтағы тарихи-мәдени орындарды, мұражай, көрмелерді аралап танысу кітап оқу мәдениетін қалыптастырған Ұлыбританияның тыныс-тіршілігін жан-жақты түсінуге септігін тигізді.
Оксфорд университетінің Бодлиан кітапханасына жүргізілген ізденістер барысында ең көп қолжазба жиынтығы осы кітапханадан анықталды. Нақтырақ айтсақ, мұндағы елуден астам қолжазба біздің төл тарихымыздың алтын діңгектері болған Фараб, Түркістан, Тараз және Зернұқ өңірлерінен шыққан ортағасырлық ғалымдарға тиесілі екені анықталды.

Зерттеу сапарының тағы бір жемісті күні әлемдік білімнің ордасы саналатын Кембридж университетінде өтті. Университет кітапханасының арнайы коллекцияларынан Қожа Ахмет Иасауи, Исмаил ибн Хаммад Жауһари, Әбу Наср Фараби, Жамал Қарши, Бурһануддин Зарнужи сынды ұлы тұлғаларымыздың бірегей қолжазбалары, сондай-ақ бұл еңбектерге жазылған түсіндірмелер (шарх) мен қысқартылған нұсқалары (мухтасар) табылды. Нақтырақ айтқанда, Кембридж университеті кітапханасынан Жауһаридің ең ертерек көшірілген «Сыхах» шығармасы 13 ғасырға тиесілі екені анықталды. Фарабтан шыққан екі ғалымның да 13 ғасырда жазылған тың шығармаларына кезіктік.

ылыми маршруттың соңғы бөлігі Шотландияның бас қаласы Эдинбургте жалғасты. Шотландияның ұлттық кітапханасы мен ұлттық мұражайындағы жәдігерлермен танысу барысында Батыс және Шығыс елдерімен мәдени алмасуды көрсететін бағалы артефактілер мен тарихи экспонаттар болды. Қорыта айтқанда, бұл халықаралық сапар отандық тарих пен қолжазбатану үшін нағыз қазына болды. Ұлыбританияның ең таңдаулы архивтерінен жинақталған жүзден астам қолжазбалар мен тың деректер алдағы уақытта жоба аясында терең зерттеліп, қазақ ғылымының жаңа белестерін бағындыруға, бабалар аманатын жаңғыртуға қызмет ететін болады.
Жамашев Азамат Шутбаевич
Дінтану және мәдениеттану кафедрасының аға ғылыми қызметкері, PhD, қауымдастырылған профессор
Басқа жаңалықтар