ҚазҰУ-да табиғи ресурстарды басқару және тұрақты даму мәселелеріне арналған халықаралық конференция өтті — ҚазҰУ

91ý

ҚазҰУ-да табиғи ресурстарды басқару және тұрақты даму мәселелеріне арналған халықаралық конференция өтті

23 маусым 2026
ҚазҰУ-да табиғи ресурстарды басқару және тұрақты даму мәселелеріне арналған халықаралық конференция өтті

2026 жылғы 22–26 маусым аралығында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Global Perspectives on Natural Resource Management and Sustainability» тақырыбындағы 7-халықаралық конференция өтті. Конференция гибридті форматта ұйымдастырылып, табиғи ресурстарды тиімді басқару, тұрақты даму, экология, қоршаған ортаны қорғау, технология және қоғам дамуы салаларындағы өзекті мәселелерді талқылауға арналды.

Іс-шара Gochar Educational and Welfare Society ұйымының бастамасымен және әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетімен бірлесіп өткізілді. Конференцияға Үндістаннан келген 30-ға жуық делегация өкілі, шетелдік және отандық ғалымдар, профессор-оқытушылар құрамы, жас зерттеушілер мен білім алушылар қатысты.

ылыми жиын барысында табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану, экожүйелердің тұрақтылығы, климаттық өзгерістер жағдайындағы экологиялық қауіпсіздік, агроэкология, биологиялық әртүрлілікті сақтау және тұрақты даму мақсаттарын іске асыру бағыттары бойынша баяндамалар жасалып, ғылыми пікір алмасулар өтті. Сонымен қатар конференция аясында қатысушыларға ғылыми еңбектерін халықаралық басылымдарда жариялау мүмкіндіктері ұсынылды.

Аталған халықаралық конференцияға әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Ботаника және агроэкология кафедрасы да белсенді қатысты. Кафедра оқытушылары мен зерттеушілері ғылыми сессиялар мен талқылауларға атсалысып, конференция жұмысының нәтижелі өтуіне өз үлесін қосты. Кафедраның белсенді қатысуы ботаника, агроэкология, табиғи экожүйелерді сақтау және тұрақты даму бағытындағы ғылыми ізденістердің маңыздылығын айқындай түсті.

Мұндай халықаралық деңгейдегі іс-шаралар университеттің ғылыми әлеуетін арттыруға, шетелдік жоғары оқу орындары мен ғылыми ұйымдар арасындағы ынтымақтастықты кеңейтуге, сондай-ақ тұрақты даму мақсаттары аясындағы зерттеу бағыттарын одан әрі дамытуға мүмкіндік береді. Конференция қорытындысы бойынша қатысушылар арасында академиялық байланыстар нығайып, болашақ бірлескен ғылыми жобалар мен зерттеу бағыттарын дамытуға негіз қаланды.

 

 

Ботаника және агроэкология кафедрасы