«Қоршаған ортаны қорғау – 2026» III халықаралық жазғы мектебінің жұмысы Алматы мемлекеттік табиғи қорығында жалғасты — ҚазҰУ

91ý

«Қоршаған ортаны қорғау – 2026» III халықаралық жазғы мектебінің жұмысы Алматы мемлекеттік табиғи қорығында жалғасты

25 маусым 2026
«Қоршаған ортаны қорғау – 2026» III халықаралық жазғы мектебінің жұмысы Алматы мемлекеттік табиғи қорығында жалғасты

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде өтіп жатқан III «Қоршаған ортаны қорғау – 2026» халықаралық жазғы мектебінің бесінші күні практикалық зерттеулер жүргізуге және экожүйелерді олардың табиғи тіршілік ортасында зерделеуге арналды. Бағдарлама аясында қатысушылар үшін Алматы мемлекеттік табиғи қорығына танымдық экскурсия ұйымдастырылды.

Экскурсия Қазақстан–Қытай қашықтықтан зондтау технологиялары және оларды қолдану жөніндегі бірлескен зертхананың қызметі аясында келген Қытай ғылым академиясының Шыңжаң экология және география институтының студенттері мен жас зерттеушілеріне, сондай-ақ қазақстандық студенттер мен жас ғалымдарға өңірдің табиғи экожүйелерін табиғи жағдайында тікелей зерттеп, бақылауға мүмкіндік берді.

Бағдарлама ҚазҰУ-дың Студенттер сарайында қатысушылардың жиналуынан басталды. Қорыққа келген қонақтарды «Алматы мемлекеттік табиғи қорығы» РММ Экологиялық ағарту бөлімінің бастығы Биғазинова Жанерке Жанболатқызы қарсы алды. Ол қатысушыларды қорықтың құрылу тарихымен, негізгі қызмет бағыттарымен, жүргізіліп жатқан табиғат қорғау қызметімен, сондай-ақ ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың экожүйелер мен биоалуантүрлілікті сақтаудағы маңызымен таныстырды. Сонымен қатар қатысушыларға қауіпсіздік техникасының талаптары мен экскурсия бағдарламасы түсіндірілді. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда қауіпсіздік талаптарын сақтау табиғи кешендердің сақталуы мен адам әрекетінің кері әсерін азайтудың басты шарттарының бірі екендігі ерекше атап өтілді.

Қытайлық және қазақстандық студенттер мен зерттеушілер қорық мұражайын аралап, оның құрылу тарихымен, табиғи ерекшеліктерімен және биоалуантүрлілігімен танысты. Сондай-ақ қатысушыларға қорықтың бірегей табиғи кешендері мен табиғат қорғау қызметіне арналған деректі фильм көрсетілді.

Алматы мемлекеттік табиғи қорығы – Іле Алатауының бірегей табиғи кешендерін, сондай-ақ сирек кездесетін және жойылып кету қаупі төнген өсімдіктер мен жануарлар дүниесін сақтау мақсатында құрылған Қазақстандағы аса маңызды ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың бірі. Табиғатты қорғау қызметімен қатар қорық ғылыми зерттеулерді дамытуда, экологиялық мониторинг жүргізуде және экологиялық ағарту жұмыстарын жүзеге асыруда маңызды рөл атқарады.

Бағдарламаның маңызды іс-шараларының бірі қорықтың экологиялық соқпақтары бойынша ұйымдастырылған экскурсия болды. Экскурсияны қорық мамандары Джанабаева Динара Маратқызы мен Баймұханова Балғын Тілепалдықызы жүргізді. Экскурсия барысында қатысушылар сирек кездесетін өсімдіктер мен жануарлар түрлерімен, табиғи экожүйелердің ерекшеліктерімен, биоалуантүрлілікті сақтау тетіктерімен және қоршаған ортаны қорғаудың заманауи тәсілдерімен танысты. Сонымен қатар мамандар табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану қағидаттары, экологиялық жауапкершілік және қорық аумағында жүргізілетін ғылыми-зерттеу жұмыстары туралы жан-жақты ақпарат берді.

Экскурсия барысында шетелдік қонақтарды сүйемелдеу және ұйымдастырушылық қолдау жұмыстарын бірінші оқу жылын аяқтаған докторанттар Жұмажанов Арман Нұрқанатұлы мен Арифзаде Эльнур Эльман оғлы, сондай-ақ магистратура түлегі Ануар Серіков қамтамасыз етті. Қатысушылар экожүйелердің табиғи жағдайда қалай жұмыс істейтінін өз көздерімен көріп, оларды сақтау ерекшеліктерімен танысты және қорықтағы өсімдіктер мен жануарлар дүниесінің қазіргі жай-күйін бағалау мүмкіндігіне ие болды.

Іс-шара барысында ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың Біріккен Ұлттар Ұйымының Тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізудегі үлесіне ерекше назар аударылды. Қатысушылар биоалуантүрлілікті сақтау, сирек кездесетін және жойылып кету қаупі төнген өсімдіктер мен жануарлар түрлерін қорғау, сондай-ақ табиғи экожүйелер мен табиғи мұраны сақтауға бағытталған қорықтың практикалық қызметімен танысты. Бұл Тұрақты даму мақсаттарының 15-мақсаты аясындағы биоалуантүрлілікті сақтау және құрлық экожүйелерін қорғау жөніндегі міндеттердің іске асырылуына ықпал етеді. Сонымен қатар экскурсия Қазақстан мен Қытайдың жас зерттеушілері арасындағы ғылыми білім мен тәжірибе алмасуды кеңейтуге, халықаралық ғылыми ынтымақтастықты дамытуға және қоршаған ортаны қорғау мен табиғи ресурстарды орнықты пайдалану саласындағы әріптестік байланыстарды нығайтуға ықпал етіп, Тұрақты даму мақсаттарының 17-мақсатының міндеттерін іске асыруға өз үлесін қосты.

Таза тау ауасы мен көркем табиғат қатысушыларға күш-қуат пен жаңа шабыт сыйлады. Экскурсия олардың күнделікті академиялық ортадан шығып қана қоймай, теориялық білімдерін табиғи орта жағдайында тәжірибе жүзінде бекітуіне мүмкіндік берді. Күннің екінші жартысында топ Алматы қаласына оралып, мазмұнды әрі тағылымды экскурсиядан алған әсерлерімен бөлісті.

Жаңа білім мен тәжірибеге толы бұл күн естелік суретке түсумен қорытындыланды. Алматы мемлекеттік табиғи қорығына ұйымдастырылған экскурсия жазғы мектеп қатысушыларының экологиялық дүниетанымын кеңейтіп, табиғи мұраны сақтаудың маңызын тереңірек түсінуге және халықаралық ғылыми ынтымақтастықты дамытуға ықпал етті. Сонымен қатар іс-шара биоалуантүрлілікті сақтау мен табиғи экожүйелерді қорғау қағидаттарын ілгерілету арқылы Тұрақты даму мақсаттарының 15-мақсатының міндеттерін жүзеге асыруға, сондай-ақ Қазақстан мен Қытайдың білім беру және ғылыми ұйымдары арасындағы халықаралық ғылыми ынтымақтастықты, тәжірибе алмасуды және серіктестікті дамыту арқылы Тұрақты даму мақсаттарының 17-мақсатының міндеттерін іске асыруға ықпал етті.