ҚазҰУ-дың ғылыми журналдары JCR 2025 рейтингіндегі позициясын нығайтты — ҚазҰУ

91ý

ҚазҰУ-дың ғылыми журналдары JCR 2025 рейтингіндегі позициясын нығайтты

26 маусым 2026
ҚазҰУ-дың ғылыми журналдары JCR 2025 рейтингіндегі позициясын нығайтты

 Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ғылыми басылымдары халықаралық деңгейде үлкен жетістікке жетіп, әлемдік ғылыми кеңістіктегі позицияларын айтарлықтай нығайтты. Беделді Clarivate компаниясы жыл сайын жариялайтын жаңа Journal Citation Reports (JCR) 2025 рейтингінің қорытындысы бойынша, оқу орнының механика-математика факультетінің қатысуымен жарық көретін журналдар жоғары көрсеткіштерге ие болды. Әлемдегі ең ірі аналитикалық дерекқор болып табылатын бұл рейтингте университет басылымдарының ілгерілеуі ҚазҰУ-дың халықаралық деңгейдегі ғылыми әлеуетін айғақтайды.

Биылғы рейтингте механика-математика факультеті шығаратын Journal of Mathematics, Mechanics and Computer Science журналының импакт-факторы 0,8-ге, ал бесжылдық көрсеткіші 0,5-ке жетті. Бұл басылым ESCI дерекқорындағы «Математика» санаты бойынша 492 халықаралық журналдың ішінен 215-орынға тұрақтап, ең беделді басылымдар енетін екінші квартильге (Q2) қосылды. Сондай-ақ аталған журнал «Механика» бағыты бойынша 172 басылымның арасында 148-орынды иеленіп, төртінші квартильге (Q4) енді.

Сонымен қатар механика-математика және физика-техникалық факультеттерінің бірлескен басылымы – International Journal of Mathematics and Physics журналы да жоғары нәтиже көрсетті. JCR 2025 деректеріне сәйкес, оның импакт-факторы 0,9-ға (бесжылдық көрсеткіші 0,6-ға) жетіп, «Математика» санатындағы 492 журналдың ішінде 179-орынға табан тіреді және қос басылымның қатарында екінші квартильге (Q2) өтті. Бұған қоса, аталған журнал қолданбалы математика және мультидисциплинарлық физика бағыттары бойынша үшінші квартильдегі (Q3) позицияларын сәтті сақтап қалды.

Университеттің қос бірдей журналының әлемдік рейтингте беделді Q2 деңгейіне көтерілуі ҚазҰУ ғалымдары мен редакциялық алқасының тиімді жұмысын, сондай-ақ жарияланған зерттеулердің халықаралық қауымдастықта жоғары сұранысқа ие екенін білдіреді. Бұл үлкен жетістік Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың өңірдегі жетекші зерттеу университеті ретіндегі мәртебесін нығайтып, оның жаһандық академиялық кеңістіктегі бәсекеге қабілеттілігін арттыра түспек.