- Басты бет
- Жаңалықтар
- ҚазҰУ-да Elsevier компаниясының LeapSpace ЖИ платформасының мүмкіндіктері таныстырылды
ҚазҰУ-да Elsevier компаниясының LeapSpace ЖИ платформасының мүмкіндіктері таныстырылды
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Elsevier компаниясының LeapSpace жасанды интеллект инновациялық платформасының таныстырылымы өтті.
Университеттің ғылымды цифрландыруға бағытталған бастамаларын айқындайтын шараға Elsevier компаниясының Түркия және Орталық Азия бойынша ғылыми шешімдер жөніндегі өңірлік менеджері Айхан Сарачоғлы, ҚазҰУ Басқарма мүшесі – ғылыми-инновациялық қызмет жөніндегі проректор Марғұлан Ибраимов және университеттің ғылыми-зерттеу бөлімдерінің өкілдері қатысты.

Кездесуде Марғұлан Ибраимов университеттің Elsevier ғылыми платформаларын ұзақ жылдан бері пайдаланып келе жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, ScienceDirect, Scopus және SciVal ресурстары ғылыми зерттеулердің сапасын арттыруға, халықаралық ынтымақтастықты дамытуға және ғылыми әлеуетті күшейтуге үлкен үлес қосып келеді. «Бүгінде ғылыми ақпарат ағынының артуы зерттеушілерден қажетті мәліметтерді жылдам іздеп, саралап, нәтижелі қолдануды талап етеді. Сондықтан LeapSpace платформасы ұсынатын заманауи құралдар университет ғалымдарының ғылыми ізденістерін жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді», – деді проректор Марғұлан Ибраимов.

Өз кезегінде Айхан Сарачоғлы LeapSpace платформасының негізгі мүмкіндіктерін кеңінен таныстырды. Бұл жүйе ScienceDirect AI мен Scopus AI құралдарын бір ортаға біріктіріп, ғылыми ақпаратпен жұмыс істеуді жеңілдетеді. Платформа ғылыми әдебиеттерді жылдам іздеуге, зерттеу бағыттарын талдауға, ғылыми әріптестер мен гранттық мүмкіндіктерді табуға негізделген. ылыми аналитика саласында әлемдік көшбасшылардың бірі саналатын Elsevier компаниясы бүгінде зерттеушілерді ғылыми ізденістің әр кезеңінде қолдауды өзінің басты миссиясы ретінде қарастырады.

Таныстырылым барысында платформаны қолданудың нақты мысалдары көрсетілді. Қатысушылар жасанды интеллектінің ғылыми мақалалар дайындауда, дәйексөз көрсеткіштерін талдауда және зерттеу жұмыстарының тиімділігін арттырудағы рөлін талқылады.
Кездесу барысында Elsevier компаниясы ҚазҰУ зерттеушілеріне LeapSpace платформасын бір ай бойы тегін сынақтан өткізу мүмкіндігін ұсынатынын жеткізді. Бұл ғалымдарға жаңа жүйенің іздеу және талдау құралдарын тәжірибе жүзінде бағалауға жол ашады.
Сондай-ақ ашық пікір алмасу барысында тараптар ғылым мен білім саласындағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту мәселелерін кеңінен талқылады.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар