ҚазҰУ мен Су ресурстары министрлігі «Су дипломатиясы» бағдарламасын әзірлеуде
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне Қазақстан Республикасы су ресурстары және ирригация вице-министрі Аслан Абдраимов жұмыс сапарымен келді. Мәртебелі қонақты ҚазҰУ-дың ғылыми-инновациялық қызмет жөніндегі проректоры Марғұлан Ибраимов қарсы алды.

Кездесу барысында тараптар су қауіпсіздігін қамтамасыз ету, саланы цифрландыру, заманауи ғылыми әзірлемелерді енгізу және жоғары білікті мамандар даярлау бағытындағы ынтымақтастық перспективаларын талқылады.

Проректор өз сөзінде университетте жасанды интеллект, жоғары өнімді есептеулер, үлкен деректерді талдау (Big Data), Жерді қашықтықтан зондтау және климаттық модельдеу бағыттары қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті. Бұл заманауи технологиялар су ресурстарын тиімді басқару міндеттерін шешуде кеңінен қолданылмақ.

Басқосуда Қазақстан-Қытай қашықтықтан зондтау технологиялары және оларды қолдану зертханасы мен Farabi Supercomputer Center мүмкіндіктеріне ерекше назар аударылды. Бұл инфрақұрылым су нысандарын мониторингтеуге, су тасқыны қаупін болжауға, суармалы жерлердің жай-күйін талдауға және гидрологиялық үдерістерді модельдеуге жаңа мүмкіндіктер ашады.

Сонымен қатар тараптар бірлескен ғылыми-қолданбалы жобаларды жүзеге асыру және халықаралық әріптестікті дамыту мәселелерін қарастырды. Қазіргі уақытта ҚазҰУ-да Халықаралық су ресурстарын басқару институтымен (IWMI) бірлесіп су ресурстарын ұлттық және трансшекаралық деңгейде басқаратын мамандарды даярлауға бағытталған «Су дипломатиясы» атты пәнаралық магистрлік білім беру бағдарламасын әзірлеп жатқаны атап өтілді.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар ғылым, білім және инновация салаларындағы әріптестікті нығайтуға, сондай-ақ елдің орнықты дамуын қамтамасыз етуге бағытталған бірлескен бастамаларды іске асыруға дайын екендіктерін жеткізді.

