2026 жылғы журналистика факультетінің оқу жылы аяқталуда.
2025–2026 оқу жылы журналистика факультетінде көптеген маңызды оқиғалармен есте қалды. ылыми-педагогикалық қызметтің қорытындылары шығарылып, профессор-оқытушылар құрамының индикативтік жоспар бойынша рейтингі жариялануда. Сонымен қатар, қазақстандық магистранттар мен бакалаврлардың, сондай-ақ Қытай, Ауғанстан және Бангладештен келген студенттердің магистрлік диссертациялары мен дипломдық жұмыстары сәтті қорғалды.
Түлектер цифрлық дәуір мен жасанды интеллект талаптарына сай өзекті ғылыми жобалар мен мазмұнды бітіру жұмыстарын ұсынды. Олардың қатарында Дамир Құлбаевтың «Жасанды интеллекттің Қазақстандағы телевидениеге, интернетке және жаңа медиаға ықпалы», Гүзәл Манбаеваның «Экрандық және желілік медиадағы фольклордың дамуы», Малика Салиеваның «Инклюзивті білім берудегі интерактивті кітап форматтары: технологияларды талдау және Қазақстандағы даму перспективалары», Елжан Бисенбаевтың «Желілік спорт журналистикасының дамуы», Ван Яжудың «Қытай мен Қазақстан бұқаралық ақпарат құралдарының әлеуметтік-саяси және мәдени салалардағы ынтымақтастығының дамуы» сияқты ғылыми еңбектері ерекше назар аудартты. Бұл жұмыстар 2026 жылдың жазында сәтті қорғалды.
Ақпараттық технологиялар мен цифрландырудың қарқынды дамуы жаңа тақырыптар мен өзекті мәселелерді алға тартып отыр. Жас ұрпақ осы өзгерістерді дер кезінде байқап, ғылыми зерттеулерінде кеңінен қамтуда.
Факультетте декан А.Б. Әлжанованың ұйымдастыруымен 1977 жылғы түлектермен кездесу өтті. Бүгінде тәжірибелі журналистер әрі зейнеткерлер атанған түлектер өздерінің ұстаздары – тарих ғылымдарының докторлары Сағынбай Қабашұлы Қозыбаев пен Ләйлә Сейсенбекқызы Ахметовамен жүздесіп, естеліктерімен бөлісті. Араға елу жылға жуық уақыт өтсе де, журналистика мен бұқаралық коммуникация саласының майталманы Сағынбай Қозыбаев барлық шәкірттерін аты-жөнімен есінде сақтаған. Оның айтуынша: «Олардың барлығы өте дарынды болатын және мамандықтары бойынша бұқаралық ақпарат құралдарында еңбек етті».
Кездесу барысында түлектер студенттік шақтарын, медиа саласындағы қызмет жолдарын, отандық журналистиканы дамытуға қосқан үлестерін әңгімелеп, өздерінің жарық көрген кітаптары мен поэзиялық жинақтарын факультетке сыйға тартты.
28 маусым – Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күні қарсаңында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті мен Қазақстан Журналистика академиясының бірлескен отырысы өтті. Жиында университет ректоры Жансейіт Қансейітұлы Түймебаев жетекші журналистерді, медиа компаниялар басшыларын және бұқаралық ақпарат құралдарының бас редакторларын кәсіби мерекелерімен құттықтады.
Осылайша, журналистика факультетінде тағы бір оқу жылы аяқталды. Бұл жыл талантты студенттерімен, мазмұнды ғылыми ізденістерімен және жарқын оқиғаларымен есте қалып, барша ұжымға жаңа әсер сыйлап, ұзақ уақыт бойы жадымызда сақталмақ.
Басқа жаңалықтар