ҚазҰУ журналистика факультетінде оқу жылының қорытынды ғылыми кеңесі өтті
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Журналистика факультетінде 2025–2026 оқу жылының қорытынды ғылыми кеңесі өтті. Жиында факультеттің оқу, ғылыми және тәрбие жұмыстарының нәтижелері сараланып, оқу жылының негізгі жетістіктері қорытындыланды.
Кеңес барысында бакалавриат пен магистратура түлектерінің дипломдық жұмыстар мен магистрлік диссертацияларды қорғау нәтижелері тыңдалды. Бітіруші студенттердің ғылыми ізденістері мен зерттеу жұмыстары қазіргі медиа кеңістіктің сұранысына сай өзекті тақырыптарды қамтып, жоғары бағаланды. Сонымен қатар, факультеттің профессор-оқытушылар құрамының оқу-әдістемелік, ғылыми-зерттеу және қоғамдық қызметтері талқыланып, жыл бойғы атқарылған жұмыстарға баға берілді. Жиынның салтанатты бөлімінде 28 маусым – Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күніне орай журналистика саласының дамуына және жоғары білім беру ісіне қосқан үлесі үшін факультеттің профессор-оқытушылар құрамы марапаттармен, алғыс хаттармен және құрмет грамоталарымен марапатталды. Қорытынды ғылыми кеңес оқу жылының нәтижелерін саралап қана қоймай, алдағы оқу жылына арналған жаңа міндеттер мен басым бағыттарды айқындауға мүмкіндік берді.