Scopus базасында мақала жариялау үдерісі және ғылыми журналдарды таңдау критерийлері — ҚазҰУ

91ý

Scopus базасында мақала жариялау үдерісі және ғылыми журналдарды таңдау критерийлері

2 ақпан 2026
Scopus базасында мақала жариялау үдерісі және ғылыми журналдарды таңдау критерийлері

География және табиғатты пайдалану факультетінде жас ғалымдарға, магистранттарға, докторанттарға және жас оқытушыларға арналған «Scopus базасында мақала жариялау үдерісі және ғылыми журналдарды таңдау критерийлері» тақырыбында ғылыми-әдістемелік семинар өткізілді. Іс-шараның басты мақсаты – жас зерттеушілердің ғылыми жарияланымдар дайындау саласындағы құзыреттілігін арттыру, академиялық жазу дағдыларын дамыту және халықаралық ғылыми кеңістікке шығу мүмкіндіктерін кеңейту болды.

Семинарды кафедраның профессор міндетін атқарушысы, PhD Исанова Гульнара Төлегенқызы жүргізді. Спикер өзінің ғылыми және жарияланымдық тәжірибесіне сүйене отырып, халықаралық ғылыми журналдарда мақала жариялаудың негізгі талаптары, жоғары рейтингті басылымдарды таңдау критерийлері және ғылыми зерттеу нәтижелерін сапалы ұсыну жолдары туралы жан-жақты ақпарат берді.

Семинар барысында ғылыми мақаланы дайындаудың негізгі кезеңдері егжей-тегжейлі қарастырылды. Қатысушылар зерттеу тақырыбын дұрыс таңдау, ғылыми мәселені негіздеу, зерттеудің мақсаты мен міндеттерін тұжырымдау, ғылыми мақаланың құрылымын қалыптастыру және зерттеу нәтижелерін жүйелі түрде баяндау мәселелерімен танысты. Әсіресе ғылыми мақаланың кіріспе бөлімін жазу, зерттеудің өзектілігі мен ғылыми жаңалығын көрсету, әдебиеттерге сапалы шолу жасау, зерттеу әдістерін сипаттау, нәтижелерді ұсыну және талқылау, қорытынды жазу ерекшеліктеріне ерекше назар аударылды.

Сонымен қатар қатысушыларға ғылыми әдебиеттерді іздеу және талдау құралдары таныстырылып, әдеби шолу дайындаудың заманауи әдістері көрсетілді. ылыми ақпараттық ресурстарды тиімді пайдалану, дереккөздерді іріктеу және ғылыми ақпаратты жүйелеу мәселелері бойынша практикалық ұсыныстар берілді.

Семинар аясында халықаралық ғылыми журналдарды таңдау критерийлері түсіндіріліп, Scopus және басқа да халықаралық дерекқорларда индекстелетін журналдардың ерекшеліктері қарастырылды. Қатысушылар квартильдік жүйе, CiteScore, SJR көрсеткіштері, рецензиялау үдерісі және ғылыми мақалаларды жариялауға дайындау кезеңдері туралы маңызды ақпарат алды.

Іс-шара интерактивті форматта өтіп, қатысушылар ғылыми жарияланымдар дайындау барысында жиі кездесетін мәселелерді талқылап, өздерін қызықтырған сұрақтарға жауап алды. Мұндай ғылыми-әдістемелік кездесулер жас ғалымдардың ғылыми әлеуетін арттыруға, халықаралық деңгейдегі жарияланымдар санын көбейтуге және ғылыми зерттеулердің сапасын жақсартуға ықпал етеді.