ҚазҰУ мен PolyU Іле-Алатау және Шарын ұлттық парктерінде далалық зерттеулерді жалғастыруда — ҚазҰУ

91ý

ҚазҰУ мен PolyU Іле-Алатау және Шарын ұлттық парктерінде далалық зерттеулерді жалғастыруда

30 маусым 2026
ҚазҰУ мен PolyU Іле-Алатау және Шарын ұлттық парктерінде далалық зерттеулерді жалғастыруда

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті мен The Hong Kong Polytechnic University бірлескен «Empowering Communities Through Destination Marketing: A Sustainable Approach to Promoting Community-Based Tourism in Rural Kazakhstan» ғылыми-зерттеу жобасы аясында Қазақстандағы тұрақты туризмді дамыту, жергілікті қауымдастықтардың рөлі және туристік дестинацияларды ілгерілету ерекшеліктерін зерттеуге бағытталған далалық жұмыстар жалғасуда.

Зерттеу тобы Іле-Алатау және Шарын ұлттық парктері аумағында далалық жұмыстар жүргізді. Сапар барысында ұлттық парк өкілдерімен, кафе қызметкерлерімен, жеке кәсіпкерлермен, фотографтармен, туризм саласының мамандарымен және аталған аумақтарда туристерге қызмет көрсетуге қатысатын басқа да мүдделі тараптармен сұхбаттар өткізілді.

Сұхбат барысында тұрақты туризмді дамыту, табиғи ландшафттарды сақтау, туристік ағындарды реттеу, туристік қызметтердің сапасы, экологиялық ағартушылық, жергілікті қауымдастықтармен өзара іс-қимыл, сондай-ақ ерекше қорғалатын табиғи аумақтардағы туристік инфрақұрылымды дамыту мәселелері мен перспективалары қарастырылды.

Өткізілген сұхбаттар табиғи туристік дестинациялардағы туризмнің қазіргі жағдайы туралы практикалық деректер жинауға, туристік сала өкілдері кездесетін негізгі қиындықтарды анықтауға, сондай-ақ туристік ресурстарды тиімді басқару және келушілерге қызмет көрсету сапасын арттыру мүмкіндіктерін айқындауға мүмкіндік берді.

Жиналған материалдар жобаның ғылыми нәтижелерін дайындау, әрі Қазақстанда тұрақты туризмді ілгерілету бойынша ұсынымдар әзірлеу үшін пайдаланылатын болады. Жергілікті туристік қызметке қатысушылардың пікірін зерттеуге ерекше мән беріледі, себебі олар туристік тәжірибені қалыптастыруда және дестинацияларды дамытуда маңызды рөл атқарады.

Мұндай зерттеулер әл-Фараби атындағы ҚазҰУ мен The Hong Kong Polytechnic University арасындағы халықаралық ғылыми ынтымақтастықты нығайтуға, туризм саласындағы қолданбалы зерттеулерді дамытуға және табиғи туристік аумақтарды басқарудың тұрақты тәсілдерін қалыптастыруға ықпал етеді.