Алматыда дарынды жастарға Президент атынан Конституция табыс етілді
Алматыда Президент атынан дарынды жастар мен креативті индустрия өкілдеріне Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясын табыстау рәсімі өтті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың хаты мен арнайы басылымды Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева табыс етті.
Сол қатарда шығармашылық пен білім саласындағы белсенділігі үшін Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті (ҚазҰУ) журналистика факультетінің аға оқытушысы, ақын Бауыржан Омарұлы Әліқожа бар.
«Сізге жаңа Конституциямыздың арнайы басылымын табыстай отырып, Әділетті Қазақстанды құру жолындағы қажырлы еңбегіңіз үшін зор ризашылығымды білдіремін», – делінген хатта.
Жиында Үкімет басшысының орынбасары Мемлекет басшысының жастарға айрықша көңіл бөліп, жан-жақты қолдау көрсетіп отырғанын және оларға үлкен үміт артатынын атап өтті.
«Президент ұсынған Әділетті, Таза әрі Қуатты Қазақстан идеясы да ең алдымен жаңа буынның жауапкершілігімен тығыз байланысты. Сіздер – Жаңа Қазақстанның жасампаз ұрпағысыздар. Еліміздің болашағы Конституцияда бекітілген қағидаттардың өмірде қаншалықты жүзеге асатынына, ең алдымен, сіздердің білімдеріңізге, еңбектеріңізге және азаматтық жауапкершіліктеріңізге байланысты», – деді Аида Балаева.
Премьер-министрдің орынбасары елімізде жүзеге асырылып жатқан ауқымды реформалардың барлығы, ең алдымен, жастардың келешегіне бағытталғанын айтып, өскелең ұрпақты мемлекеттік қолдау шараларына арнайы тоқталды.
«Елімізде жастардың саяси және қоғамдық өмірге қатысу мүмкіндіктері артып келеді. Партиялық тізімдер мен депутаттық мандаттарды бөлу кезінде әйелдерге, жастарға және ерекше қажеттілігі бар азаматтарға арналған 30 пайыздық квота енгізілді. Президенттік жастар кадр резерві де жаңа буын басқарушыларын қалыптастыратын маңызды әлеуметтік лифтке айналды», – деді Үкімет басшысының орынбасары.
Министр өз сөзінде озық ойлы жас буынның ел реформаларындағы рөлі зор екенін және бұл қолдау мемлекеттің оларға деген жоғары сенімінің белгісі екенін атап өтті. Жаңа Конституция жас көшбасшылар үшін үлкен жауапкершілік жүктеп, оларды қоғам игілігі жолында жаңа шыңдарды бағындыруға ынталандырады.
Басқа жаңалықтар