ҚазҰУ-да «Орталық Азия – Қытай» I халықаралық симпозиумы өтуде — ҚазҰУ

91ý

ҚазҰУ-да «Орталық Азия – Қытай» I халықаралық симпозиумы өтуде

30 маусым 2026
ҚазҰУ-да «Орталық Азия – Қытай» I халықаралық симпозиумы өтуде

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Жерді қашықтан зондтау технологиялары және оларды қолдануға арналған жыл сайынғы халықаралық ғылыми конференция мен «Орталық Азия – Қытай» I халықаралық симпозиумы өз жұмысын бастады.  

Ауқымды ғылыми жиынға Қазақстан, Қытай және өзге де елдердің жетекші ғалымдары, зерттеушілері мен сарапшылары жиналып, Жерді қашықтан зондтау, геоақпараттық технологиялар, жасанды интеллект және тұрақты даму бағытындағы өзекті мәселелерді талқылауда. 

Конференция ащылуында Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаевтың құттықтау хаты оқылды. Хатта халықаралық ғылыми ынтымақтастықты нығайту, Жерді қашықтан зондтаудың озық технологияларын дамыту және өңірдің орнықты дамуына бағытталған бірлескен ғылыми жобаларды жүзеге асырудың маңыздылығы атап өтілді.

Жиынға қатысушыларды Қытай–Қазақстан бірлескен Жерді қашықтан зондтау технологиялары және оларды қолдану зертханасының Қытай тарапынан директоры Джилили Абудуваили де құттықтап, екі ел арасындағы ғылыми әріптестікті одан әрі дамыту қажеттігіне тоқталды.

Салтанатты ашылудан кейін пленарлық отырыс басталды. Онда Бейжің педагогикалық университетінің профессоры Цзинь Чэнь, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың География және табиғатты пайдалану факультетінің деканы Әлия Ақтымбаева, Қытай ғылым академиясының Аэроғарыштық ақпарат зерттеу институтының профессоры Лян Жугао, Аэроғарыш комитетіне қарасты Ионосфера институты директорының орынбасары Берік Ысқақов, сондай-ақ Қазақстан мен Қытайдың жетекші ғылыми ұйымдарының өкілдері баяндама жасады.

Конференция аясындағы жұмыс экожүйелер мен қоршаған ортаны қашықтан зондтау, ауыл шаруашылығы мен су ресурстарын мониторингтеу, үлкен геокеңістіктік деректерді пайдалану және табиғи қауіп-қатерлерді зерттеу бағыттары бойынша секциялық отырыстарда жалғасты.

Практикалық бөлімде Тунцзи университетінің профессоры Сицун Лю мен Aerial Solutions ұшқышсыз ұшу аппараттары академиясының өкілі Мәулен Мұстафаевтың қатысуымен шеберлік сабақтары  ұйымдастырылды.

Конференцияның екінші күні қатысушыларға арналған арнайы workshop, Ионосфера институтындағы дөңгелек үстел және «Орбита» радиополигонға ғылыми экскурсия өтеді. Сонымен қатар шетелдік және отандық ғалымдар ҚазҰУ-дың ғылыми инфрақұрылымымен танысып, Жерді қашықтан зондтау орталығы, суперкомпьютер орталығы, Farabi Hub инновациялық орталығы және Роботоорталықтың жұмысымен танысады.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың баспасөз қызметі