Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде шығыстану факультетінің түлектеріне диплом табыстаудың салтанатты рәсімі өтті. Шара барысында оқуын табысты аяқтаған бакалавриат және магистратура түлектеріне жоғары білім туралы құжаттары ресми түрде тапсырылды.

Мерекелік кеш ҚР ылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің арнайы бейнеқұттықтауымен ашылды. Министр жас мамандарға сәт сапар тілеп, отандық ғылым мен білімнің болашағы жастардың қолында екенін атап өтті. Бұдан кейін Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаевтың құттықтау хатын оқу орнының Басқарма мүшесі – академиялық мәселелер жөніндегі проректоры Алина Галеева оқып берді.

Университет басшысы өз құттықтауында түлектерді маңызды белеспен құттықтап, ҚазҰУ-дың тек Қазақстанда ғана емес, халықаралық білім кеңістігінде мойындалған көшбасшы оқу орны екеніне тоқталды.

«Сіздердің үлкен өмірге қадам басуларыңыз еліміздің Жаңа Конституциясы күшіне енген тарихи кезеңмен тұспа-тұс келіп отыр. Еліміздің жаңа құқықтық бағытын берік ұстанып, оны одан әрі дамыту жолында сіздердің алған білімдеріңіз бен жоғары жауапкершіліктеріңіз негіз болары анық», – делінген ректор жолдауында.

Сонымен қатар хатта қара шаңырақтың халықаралық аренадағы биік беделі атап өтілді. Бүгінде ҚазҰУ жаһандық QS рейтингінде 177-орынды, ал Азия құрлығы бойынша 38-орынды иеленіп отыр. Білім ордасының бұл деңгейін 16 факультет, 150-ге жуық заманауи ғылыми-зерттеу орталығы және білікті оқытушы-профессорлар құрамы қамтамасыз етуде.

«Кәсіби қызметтеріңізде ҚазҰУ-дан алған терең білімдеріңіз бен дағдыларыңызды тиімді пайдаланып, ел игілігі жолында адал еңбек ететін білікті маман болуларыңызға тілектеспін. Ақ жол, қымбатты түлектер!» – деп түйіндеді университет басшысы.

Биыл шығыстану факультетін жалпы саны 178 түлек тамамдады. Оның ішінде 149 студент бакалавриат, 29 зерттеуші магистратура бағдарламасы бойынша білім алды. Айта кетерлігі, бакалавриат түлектерінің 91-і оқуын үздік белгімен аяқтап, қызыл диплом иегері атанды.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар