ҚазҰУ-дың 300-ден астам жас филологы диплом алды
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде филология факультеті түлектеріне диплом табыстаудың салтанатты рәсімі өтті. Болашаққа қадам басқан 305 жас маманға жоғары білім туралы құжаттары ресми түрде тапсырылды. Биыл факультет елдің интеллектуалды дамуына үлес қосу үшін 238 бакалавр мен 67 магистрді түлетіп отыр.

Ауқымды шара ҚР ылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің арнайы бейнеқұттықтауымен ашылды. Министр түлектерді оқуды сәтті аяқтауымен құттықтап, жаңа кезеңде сәт сапар тіледі.

Келесі кезекте Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаевтың құттықтау хатын оқу орнының Тұрақты әлеуметтік даму жөніндегі проректоры Бақытжан Омаров оқып берді.

Университет басшысы өз құттықтауында бұл күннің маңыздылығына тоқталып, жас мамандардың үлкен өмірге қадам басуы еліміз үшін тарихи кезеңмен тұспа-тұс келіп отырғанын атап өтті. Ректор Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың еліміздің Жаңа Конституциясының күшіне енуіне орай халыққа жолдаған тарихи Үндеуін негізге ала отырып, ондағы сындарлы бағыттарды еске салды.

«Біз нағыз Халық Конституциясының мызғымас құқықтық негізіне арқа сүйеп, барлық мақсат-мұраттарымызға міндетті түрде жетеміз. Заң мен Тәртіп, Еңбексүйгіштік пен Өрлеу, Тазалық пен Табиғатты аялау сынды жасампаздық құндылықтарын қоғамда берік орнықтырамыз», – деген Президент сөзін алға тартып, ректор жас мамандарды осы қастерлі құндылықтарды қоғамда орнықтыруға шақырды.

Сондай-ақ университет басшысы қара шаңырақтың халықаралық аренадағы биік мәртебесіне тоқталып, түлектердің алған білімі әлемдік стандарттарға сай екенін жеткізді. Жас филологтарды тек бір дипломмен шектелмей, заман ағымына икемді болуға, жаңа технологияларды меңгеруге үндеді.

Салтанатты рәсім үздік диплом иегерлері мен қоғамдық жұмыстарда белсенділік танытқан түлектерді марапаттаумен жалғасты. Факультеттің ардагер ұстаздары мен профессорлары ҚазҰУ филология мектебі дәстүрлерінің сабақтастығын айғақтап, әр түлекке ақ жол тіледі.





Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар