ҚазҰУ-дың 17 жас ғалымы мемлекеттік грант иегері атанды
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің жас зерттеушілері 2026-2028 жылдарға арналған «Жас ғалым» жобасы аясындағы гранттық қаржыландыру конкурсында жеңіске жетті. Ұлттық ғылыми кеңес отырысының қорытындысы бойынша қара шаңырақтың 17 ғылыми жобасы мемлекеттік қолдауға ие болды.
Бұл нәтиже университеттің жоғары ғылыми әлеуетін, жас зерттеушілердің кәсіби біліктілігін және олардың отандық ғылым мен технологияны дамытуға дайын екенін кезекті рет дәлелдеді.
Мемлекет тарапынан қолдау тапқан жобалар медицина, жаңа материалдар мен энергия жинақтау технологиялары, агроөнеркәсіптік биотехнология, экология, Қазақстан тарихы мен гуманитарлық ғылымдар, жасанды интеллект, робототехника, цифрлық модельдеу және ғарыштық технологиялар сияқты еліміз үшін басым әрі өзекті салаларды қамтиды.
Байқау қорытындысы бойынша «Өмір туралы ғылым және денсаулық» бағытында Ботагөз Үсіпбек пен Жұлдыз Жақсыбай үздік шықты. «Энергетика, озық материалдар және көлік» бағыты бойынша грантты Жасұлан Нақысбеков, Ұлжан Ораз, Мәдина Құдабаева және Сағыныш Мәдиев иеленсе, «Агроөнеркәсіптік кешеннің тұрақты дамуы» саласында Жұлдыз Батықованың жобасы үздік деп танылды. Сондай-ақ «Экология, қоршаған орта және табиғатты ұтымды пайдалану» бағытында Ақбаян Бекей мен Гүлназ Ахметова жеңіске жетті. Елдің зияткерлік әлеуетін арттыруға бағытталған әлеуметтік-гуманитарлық ғылымдар саласы бойынша Айнұр Сүйінова, Меруерт Досқалиева және Жанна Дүйсембек грант иегері атанды. Ал «Озық өндіріс, цифрлық және ғарыштық технологиялар» бағытында Бекзат Аманов, Елдос Қожағұлов, Динара Тамабай, Меруерт Бейсембекова және Нұрдәулет Досмағамбетов сынды жас ғалымдардың жобалары жоғары бағаланып, қаржыландыруға ұсынылды. Бұл ауқымды жеңіс ҚазҰУ-дың зерттеу университеті мәртебесіне сай, отандық ғылымның алдыңғы шебінде келе жатқанының нақты айғағы.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Баспасөз қызметі