ҚазҰУ магистранттарына Қытайдың жетекші университетінің дипломдары табысталды
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті мен Қытай Халық Республикасының Солтүстік-Батыс политехникалық университеті (СБПУ) арасындағы халықаралық қос диплом бағдарламасының түлектеріне салтанатты түрде дипломдар табысталды.

Шараға ҚазҰУ-дың ғылыми-инновациялық қызмет жөніндегі проректоры Марғұлан Ибраимов қатысып, түлектерді құттықтады. Ол қос диплом бағдарламалары білім беру сапасын арттыруға, ғылыми байланыстарды нығайтуға және халықаралық деңгейде бәсекеге қабілетті кадрлар даярлауға бағытталғанын атап өтті.

Биыл осы бағдарлама бойынша ҚазҰУ-дың 37 магистранты СБПУ дипломын иеленді. Атап айтқанда ақпараттық технологиялар және жасанды интеллект факультетінің «Компьютерлік ғылымдар мен технологиялар» мамандығы бойынша 33 түлек, ал физика-техникалық факультетінің «Электроника және коммуникациялық технологиялар» бағдарламасы бойынша – 3 және «Материалтану және инженерия» бағыты бойынша 1 магистрант оқуын сәтті аяқтады.

Авиация, ғарыштық техника, инженерия және АТ салалары бойынша Қытайдың жетекші техникалық жоғары оқу орындарының бірі саналатын СБПУ-мен серіктестік бүгінде жоғары деңгейде дамып келеді. Қазіргі таңда қос университет арасындағы бірлескен жұмыстар бакалавриатта «Жасанды интеллект», ал магистратура мен докторантура деңгейлерінде «Компьютерлік ғылымдар мен технологиялар» мамандықтары бойынша нәтижелі жалғасуда.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Баспасөз қызметі