Магистратура түлектеріне диплом табысталды
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде биология және биотехнология, сондай-ақ химия және химиялық технология факультеттерінің магистратура түлектеріне диплом табыстау салтанаты өтті.

Мерекелік шара Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұранымен басталып, одан кейін қатысушылар назарына ҚР ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің бейнеқұттықтауы ұсынылды. Министр жас мамандарды құттықтай отырып, бүгінде елге жаңа технологияларды дамыта алатын, ғылымды ілгерілететін, жасанды интеллект пен цифрлық трансформацияның мүмкіндіктерін тиімді пайдаланатын бастамашыл әрі бәсекеге қабілетті мамандардың аса қажет екенін атап өтті.

Шара барысында 1934 жылы негізі қаланған биология және биотехнология факультетінің ҚазҰУ-дағы ең көне факультеттердің бірі екені атап өтілді. Осы уақыт ішінде факультет 14 мыңнан астам жоғары білікті маман даярлаған. Бүгінде факультет түлектері ғылым, білім, денсаулық сақтау, ауыл шаруашылығы және биотехнология салаларында табысты еңбек етуде. Биыл факультеттің 61 магистрі, ал химия және химиялық технология факультетінің 65 магистрі диплом алды.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаевтың атынан түлектерді университеттің Басқарма мүшелері құттықтады. Биология және биотехнология факультетінің магистрлеріне дипломдарды Басқарма мүшесі – тұрақты әлеуметтік даму жөніндегі проректор Бауыржан Омаров, ал химия және химиялық технология факультетінің түлектеріне Басқарма мүшесі – академиялық мәселелер жөніндегі проректор Алина Галеева табыстады.

Ректор құттықтауында бүгінгі түлектердің кәсіби жолы еліміз үшін маңызды кезеңмен тұспа-тұс келіп отырғаны, ал олардың білімі, жауапкершілігі мен өз ісіне адалдығы Қазақстанның одан әрі дамуына берік негіз болатыны атап өтілді.
Химия және химиялық технология факультетіндегі салтанатты рәсімнің ерекше сәттерінің бірі – ғылымда алғашқы жетістіктерге қол жеткізген магистранттарды марапаттау болды. Scopus дерекқорындағы Q1-Q3 рейтингтік журналдарда мақалалары жарық көрген жас ғалымдар, патент иелері және ғылыми зерттеулерде жоғары нәтижеге қол жеткізген магистранттар арнайы марапатқа ие болды.
_uSmr95y.jpg)
Биология және биотехнология факультетінің түлегі Индира Жұлқашева мен химия және химиялық технология факультетінің түлегі Карина Исабекова өз әсерлерімен бөлісті. Олар университеттің профессор-оқытушылар құрамына сапалы білім, жан-жақты қолдау мен тәлімгерлігі үшін алғыс білдіріп, ҚазҰУ-дағы оқу жылдары кәсіби қалыптасу, ғылыми ізденіс пен тұлғалық дамудың маңызды кезеңіне айналғанын айтты. «Бізге ғылым әлемінің есігін айқара ашқан ұстаздарымызға, ғылыми жетекшілеріміз бен зерттеушілерімізге шексіз алғысымызды білдіреміз. Ұстаздарымыз бізді тек білім алуға емес, сыни ойлап, дұрыс сұрақ қоя білуге, ғылыми ізденістен қорықпауға тәрбиеледі. Қызығушылықтың жаңалыққа, табандылықтың табысқа жетелейтінін, ал әрбір сынақтың жаңа мүмкіндікке бастайтынын өз үлгілерімен көрсетті. ҚазҰУ-дан алған білім мен тағылым, ұстаздарымыздың сіңірген құндылықтары өмір жолымызда да, кәсіби жолымызда да әрдайым бағыт-бағдар беретін баға жетпес мұра болып қала береді», – деді магистр Карина Исабекова.
Салтанатты рәсім естелік суретке түсу және түлектерге арналған ақжарма тілектермен аяқталды.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Баспасөз қызметі