Жасанды интеллект және IT саласының жаңа буынына диплом берілді
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде ақпараттық технологиялар және жасанды интеллект факультеті түлектеріне диплом табыстаудың салтанатты рәсімі өтті. Биыл факультетті 431 жас маман тамамдады. Оның ішінде 347 бакалавр мен 84 магистр ақпараттық технологиялар саласы бойынша жоғары білім алып шықты. Диплом иегерлері цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект қарқынды дамып жатқан кезеңде өздерінің кәсіби еңбек жолын бастауға мүмкіндік алды.

Салтанатты шара барысында Қазақстан Республикасының ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің арнайы бейнеқұттықтауы көрсетілді. Ведомство басшысы түлектерді айтулы күнмен құттықтап, университет дипломы үлкен мүмкіндіктерге жол ашатынын атап өтті. Сонымен қатар министр цифрландыру мен жасанды интеллект дәуірінде үздіксіз білім алып, кәсіби біліктілікті тұрақты түрде жетілдіріп отырудың маңыздылығына тоқталды.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаевтың атынан жас мамандарды Басқарма мүшесі – қаржы-шаруашылық қызмет және инфрақұрылымды дамыту жөніндегі проректор Әбдірахман Тасыбаев құттықтады. Ректордың құттықтау хатында бүгінгі түлектердің кәсіби жолы еліміздің жаңа даму кезеңімен тұспа-тұс келіп отырғаны айтылды. Сондай-ақ университет қабырғасында алған терең білім мен заманауи дағдыларды ел игілігі жолында тиімді пайдаланып, өз ісінің нағыз білікті маманы болуға шақырды.

Рәсімде факультет түлегі Зере Арманқызы сөз сөйлеп, университет басшылығына, профессор-оқытушылар құрамына және ата-аналарға шынайы алғысын білдірді. «ҚазҰУ-да өткен студенттік жылдар кәсіби біліммен қатар, тұлғалық дамуымызға, жаңа көзқарас қалыптастыруға және болашаққа сеніммен қадам басуға берік негіз қалады. Университет бізге сапалы білім ғана емес, өз күшімізге деген сенім сыйлады. Біз кең ауқымда ойлауды, командада жұмыс істеуді және биік мақсаттарға ұмтылуды үйрендік. ҚазҰУ түлегі деген мәртебені әрдайым мақтан тұтамыз», – деді Зере Арманқызы.





Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Баспасөз қызметі