330 жас маманға диплом табысталды — ҚазҰУ

91ý

330 жас маманға диплом табысталды

4 шілде 2026
330 жас маманға диплом табысталды

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Физика-техникалық факультетінің түлектеріне диплом тапсырудың салтанатты рәсімі өтті. Биыл факультетті 330 жас маман тәмамдап, үлкен өмірге жолдама алды. Оның ішінде 273 түлек бакалавриат, 57 түлек магистратура білім беру бағдарламалары бойынша оқуын аяқтады. 41 түлек үздік диплом иегері атанды. 

      Салтанатты шараға университет басшылығы, профессор-оқытушылар құрамы, түлектер және олардың ата-аналары қатысты. Рәсім барысында Қазақстан Республикасы ылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің түлектерге арналған бейнеқұттықтауы көрсетілді. Министр өз құттықтауында жас мамандарға отандық ғылым мен өнеркәсіптің дамуына үлес қосып, кәсіби құзыреттерін үнемі жетілдіріп отыруға тілектестігін білдірді.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаевтың атынан түлектерді Басқарма мүшесі – академиялық мәселелер бойынша проректор Алина Галеева құттықтады. Ректор өз құттықтауында түлектердің үлкен өмірге қадам басуы ел дамуының маңызды кезеңімен тұспа-тұс келіп отырғанын атап өтіп, ҚазҰУ-дан алған білімдері мен кәсіби дағдыларын ел игілігі жолында тиімді пайдаланып, жауапты әрі білікті маман болуға шақырды

Физика-техникалық факультеті 2025–2026 оқу жылын бірқатар маңызды жетістіктермен қорытындылады. Ядролық физика, физика және астрономия, материалтану және жаңа материалдар технологиясы білім беру бағдарламалары ACQUIN халықаралық аккредиттеу және сапаны қамтамасыз ету агенттігінің сертификаттарына ие болды. Ал тәуелсіз білім сапасын бағалау нәтижелері бойынша электр энергетикасы білім беру бағдарламалары ұлттық рейтингте бірінші орынға ие болды. 

    Есепті жылы FARABI HUB базасында Қазақстан – Сингапур кванттық технологиялар орталығы ашылды. Сонымен қатар болашақ мамандарды даярлауға арналған заманауи оқу аудиториялары, зертханалар, мамандандырылған кабинеттер мен коворкинг кеңістіктері пайдалануға берілді. 

     Факультет халықаралық ынтымақтастықты жүйелі түрде дамытып келеді. Түлектер Ресейдің «Дубна» университетімен, Санкт-Петербургтегі ИТМО университетімен және Қытай Халық Республикасының Солтүстік-Батыс политехникалық университетімен бірлескен қосдипломдық білім беру бағдарламаларын табысты аяқтады. Сондай-ақ студенттер мен магистранттар академиялық ұтқырлық бағдарламалары аясында шетелдік жоғары оқу орындарында білім алып, ғылыми тағылымдамалардан өтті. Олардың қатарында CERN Еуропалық ядролық зерттеулер ұйымындағы ғылыми тағылымдамалар да бар. 

     Түлектердің жоғары жетістіктері олардың ғылыми қызметінде де айқын көрініс тапты. Жыл бойы студенттер мен магистранттар ғылыми-зерттеу жұмыстарының республикалық конкурстарының, «Фараби әлемі» халықаралық студенттер мен жас ғалымдар конференциясының жеңімпаздары мен жүлдегерлері атанды. Президенттік стипендия иегерлері болып, Scopus және Web of Science халықаралық дерекқорларына енгізілген беделді ғылыми журналдарда мақалаларын жариялады. Сонымен қатар халықаралық олимпиадаларда, ғылыми байқаулар мен мектептерде университет намысын абыроймен қорғады.

     Салтанатты рәсім барысында түлектерге дипломдар табысталып, олардың жоғары академиялық жетістіктері, ғылыми белсенділігі және факультеттің қоғамдық өміріне қосқан үлесі ерекше аталып өтті. Іс-шара соңында профессор-оқытушылар құрамы жас мамандарға кәсіби қызметтерінде табыс, жаңа ғылыми жетістіктер және алған білімдерін ел игілігі жолында жемісті жүзеге асыруға тілектестік білдірді.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың баспасөз қызметі