Философия және саясаттану факультетінің жас мамандары диплом алды — ҚазҰУ

91ý

Философия және саясаттану факультетінің жас мамандары диплом алды

4 шілде 2026
Философия және саясаттану факультетінің жас мамандары диплом алды

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің алаңында философия және саясаттану факультеті түлектеріне диплом табыстаудың салтанатты рәсімі өтті. Биыл факультетті 361 жас маман тамамдады. Оның ішінде 232 бакалавр мен 129 магистр бар.

Салтанатты жиын Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұранымен ашылды. Одан кейін Қазақстан Республикасы ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің арнайы бейнеқұттықтауы көрсетілді. 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаевтың құттықтауын Басқарма мүшесі – тұрақты әлеуметтік даму жөніндегі проректор Бақытжан Омаров жеткізді. 

Биыл факультет философия, саясаттану, психология, әлеуметтану, әлеуметтік жұмыс, мәдениеттану, дінтану, исламтану, педагогика және білім беру менеджменті білім беру бағдарламалары бойынша мамандар даярлап шығарды. Түлектердің басым бөлігі оқуын үздік аяқтап, жоғары академиялық деңгейін, ғылыми ізденіске құштарлығын және университеттің қоғамдық өміріне қосқан белсенді үлесін дәлелдеді.

Факультет магистранты Жұлдызай Әлімқұлова ҚазҰУ-дағы студенттік жылдар тек білім алу кезеңі ғана емес, жаңа мүмкіндіктерге жол ашқан, тың ізденістер мен тұлғалық дамудың жарқын белесі болғанын атап өтті. «Ұстаздарыма кәсіби білімі, қолдауы және әр студентке артқан сенімі үшін шынайы алғысымды білдіремін. Дәл осы университетте өзімнің болашақ мамандығымды дұрыс таңдағаныма көзім жетті. Мұнда алған тәжірибем мен білімім алдағы өмір жолымда әрдайым бағдаршам болып, жаңа жетістіктерге жетелейді», – деді ол.

Биылғы түлектердің арасында « Философия» білім беру бағдарламасының түлегі Иманғали Нүптеке өзінің жоғары академиялық, ғылыми және спорттық жетістіктерімен ерекшеленді. Ол философия бағыты бойынша студенттердің ғылыми-зерттеу жұмыстарының республикалық конкурсында І орын иеленді. Сонымен қатар Годзю-рю каратесі бойынша 2023 жылғы Алматы қаласының және Қазақстан Республикасының чемпионы, ал 2024 жылы Үндістанда өткен Мэйбукан Годзю-рю каратэ-додан Азия чемпионы атанды. Халықаралық ынтымақтастық аясында Жапонияның Йокогама қаласында өндірістік тәжірибеден өтіп, Цукуба университетінде академиялық ұтқырлық бағдарламасы бойынша алты ай білім алды. Осылайша ол университеттің халықаралық беделін арттыруға және ҚазҰУ-дың абыройын шетелде лайықты танытуға өз үлесін қосты.

Мерекелік кеш студенттердің шығармашылық өнерімен жалғасты. Салтанатты рәсім түлектердің орындауындағы ҚазҰУ гимнімен аяқталып, естелік суретке түсумен қорытындыланды.

Философия және саясаттану факультеті – еліміздегі жетекші гуманитарлық факультеттердің бірі. Мұнда мемлекеттік басқару жүйесіне, ғылыми-зерттеу және сараптамалық орталықтарға, білім беру ұйымдарына, әлеуметтік қызмет көрсету саласына, халықаралық және қоғамдық ұйымдарға қажетті жоғары білікті мамандар даярланады. Факультет түлектері түрлі салада табысты еңбек етіп, қоғамның дамуына және Қазақстанның зияткерлік әлеуетін нығайтуға елеулі үлес қосып келеді.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Баспасөз қызметі