Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Химия және химиялық технология факультеті түлектеріне диплом табыстау салтанаты өтті. Биыл университетті 234 бакалавр тәмамдады. Олардың 22-сі оқуын озат аяқтап, үздік диплом иегері атанды.

Салтанатты рәсім қарсаңында түлектердің ата-аналарымен кездесу ұйымдастырылды. Басқарма мүшесі – академиялық мәселелер жөніндегі проректор Алина Галеева, Факультет деканы Мөлдір Дүйсебаева, деканның орынбасарлары мен кафедра меңгерушілері құттықтау сөз сөйлеп, университет пен факультеттің жетістіктері туралы бейнероликтерді ұсынды. Ата-аналар университет басшылығы мен оқытушы-профессорлар құрамына, кураторларға студенттердің жан-жақты дамуына көрсеткен қолдауы үшін алғыстарын білдірді.

«Химия», «Фармацевтикалық өндіріс технологиясы», «Химиялық сараптама және өндірісті аналитикалық бақылау», «Химиялық инженерия», «Тағам өнімдерінің химиясы мен технологиясы», «Наноматериалдар және нанохимия» білім беру бағдарламаларының түлектеріне дипломдарды университет басшылығы мен факультет оқытушылары табыстады.

Факультет түлектері оқу жылдары ғылымда, академиялық ұтқырлық бағдарламаларында және халықаралық жобаларда жоғары нәтижелер көрсетті. Дана Шыныбекова мен Шадияр Жайнарбеков 2024 жылы жоғары GPA көрсеткішімен ҚазҰУ-дың ең белсенді 20 студентінің қатарына еніп, KT&G Global Scholarship халықаралық шәкіртақысының иегері атанды. Сондай-ақ Түркияда тағылымдамадан өтті.

Інжумаржан Смат Италиядағы Ca' Foscari University of Venice университетінде академиялық алмасу бағдарламасы бойынша білім алып, Германиядағы International Summer Student Programme (ISSP) халықаралық тағылымдамасына қатысты. Биыл ол Жапонияның University of Tsukuba Multicultural Exchange Programme мемлекеттік қаржыландырылатын мәдени-академиялық алмасу бағдарламасы аясында оқуын жалғастырды.

Сабина Окасова Қытайдың Хубэй университетінде шай өндіру технологиясы бағыты бойынша тағылымдамадан өтті. 2024 жылы Қазақстан атынан «Еуразияны таны. Қырғызстан» халықаралық жастар жобасына қатысып, мәдени және білім беру саласындағы халықаралық ынтымақтастыққа үлес қосты. Ал 2026 жылы «Фитотерапия және дәстүрлі емес медицина» халықаралық ғылыми конференциясында Juniperus sabina негізіндегі емдік жақпамай әзірлеуге арналған ғылыми зерттеуінің постерлік баяндамасын таныстырды.

Түлектердің айтуынша, ҚазҰУ оларға сапалы білімнің ғана емес, ғылыми ізденіс пен кәсіби дамудың, халықаралық тәжірибе жинақтаудың және жаңа мүмкіндіктерге жол ашқан ортаға айналды.


Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың баспасөз қызметі