Биология және биотехнология факультетінің 300-ден астам түлегіне диплом табысталды — ҚазҰУ

91ý

Биология және биотехнология факультетінің 300-ден астам түлегіне диплом табысталды

7 шілде 2026
Биология және биотехнология факультетінің 300-ден астам түлегіне диплом табысталды

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Ректорат алаңында Биология және биотехнология факультеті түлектеріне диплом тапсырудың салтанатты рәсімі өтті. Мерекелік шара Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұранымен ашылды. Одан кейін Қазақстан Республикасы ылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің бейнеқұттықтауы көрсетілді. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаевтың құттықтауын Басқарма мүшесі – академиялық мәселелер жөніндегі проректор Алина Галеева оқып берді.

Құттықтаулардан кейін түлектерге диплом табыстау рәсімі өтті. Жоғары білім туралы дипломдарды академиялық мәселелер жөніндегі проректор Алина Галеева, факультет деканы, профессорлар мен кафедра меңгерушілері табыстады. Мерекенің ерекше сәттерінің бірі ректордың бастамасымен ұйымдастырылған әсерлі отшашу болды.

1934 жылы құрылған Биология және биотехнология факультеті – университеттің ең бай тарихы бар оқу бөлімдерінің бірі. Тоқсан жылдан астам уақыт ішінде мұнда 14 мыңнан астам жоғары білікті маман даярланып, бүгінде олар еліміздегі және шетелдегі ғылыми-зерттеу институттарында, жоғары оқу орындарында, медициналық орталықтарда, биотехнологиялық компанияларда, табиғатты қорғау ұйымдарында және мемлекеттік мекемелерде табысты еңбек етіп келеді.

2026 жылғы түлектер де факультеттің жоғары білім беру және ғылыми әлеуетін тағы бір мәрте дәлелдеді. Олардың қатарында халықаралық және республикалық байқаулардың жеңімпаздары, ғылыми жарияланымдардың авторлары, беделді марапаттардың иегерлері және ғылыми жобалардың белсенді қатысушылары бар.

Алёна Ворлитских студенттік жылдарының өзінде ядролық медицина саласында ғылыми ізденістер жүргізді. Оның 18F-ФДГ радиофармацевтикалық препараты қасиеттерін зерттеуге арналған еңбектері «Атом. ылым. Технология» халықаралық ғылыми мектебі-конференциясында және «Фараби әлемі – 2026» студенттер мен жас ғалымдардың халықаралық ғылыми конференциясында таныстырылды. Зерттеу нәтижелері радиофармацевтикалық препараттарды клиникалық тәжірибеде қолданудың қауіпсіздігін арттыруға ықпал етеді.

«Биологиялық инженерия» білім беру бағдарламасының түлегі Біржан Арыстанбекұлы ғылыми-зерттеу жұмыстарын халықаралық жобаларға қатысумен қатар алып келеді. Ол шетелдік ғылыми журналда жарияланған мақаланың авторы, NU Annual Research Conference, «Фараби әлемі», Мәскеу политехникалық университетінің ғылыми конференциясы және Aral Summer School қатысушысы. Сонымен қатар жас ғалым биотехнология, экология және тұрақты даму мәселелеріне арналған Sustainable Future 2024: Biotech, Ecology, Energy халықаралық конференциясын ұйымдастырушы ретінде танылды. 

Факультеттің белсенді әрі үздік түлектерінің бірі – Дильназ Қалкөз. Ол студенттік жылдары «Сұңқар» студенттер мен магистранттар кәсіптік бюросына жетекшілік етіп, өзін жауапты ұйымдастырушы әрі көшбасшы ретінде көрсетті. Дильназ қоғамдық жұмыстармен қатар ғылыми ізденістерге де белсенді қатысып, республикалық деңгейдегі «Қазақстан Республикасының үздік студенті» байқауында жеңімпаз атанды, «Фараби әлемі – 2026» халықаралық ғылыми конференциясында өз зерттеу нәтижелерін таныстырды.

Түлектер атынан сөйлеген жастар ұстаздарына, тәлімгерлеріне және ата-аналарына қолдау көрсетіп, бағыт-бағдар бергені үшін алғыс айтты. Олар ҚазҰУ-дағы студенттік жылдар ғылымға қадам басқан, кәсіби тұрғыда қалыптасып, тұлғалық тұрғыдан шыңдалған ерекше кезең болғанын атап өтті.

Мерекелік кеш студенттердің шығармашылық өнерімен жалғасып, ҚазҰУ гимнінің орындалуы және түлектердің естелік суретке түсуімен қорытындыланды.

 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі