Жас мамандар жаңа өмірге қадам басты
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Заң факультетінің 421 түлегі диплом алды. Оның ішінде 267 бакалавр және 154 магистр бар. Олар оқу барысында меңгерген кәсіби білімдері мен тәжірибелік дағдыларын еліміздің құқықтық жүйесін дамытуға, заң үстемдігін нығайтуға және қоғам игілігіне қызмет етуге бағыттайтын білікті маман ретінде үлкен өмірге қадам басты.

Іс-шараға құқық қорғау және сот жүйесі, Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің, Алматы қалалық сотының, Алматы қаласы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің, Алматы қаласы кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының және Әуезов аудандық полиция басқармасының өкілдері қатысып, жас мамандарды құттықтады.

Салтанатты рәсім аясында университеттің Әскери кафедрасын тәмамдаған 111 түлекке алғашқы офицерлік – кіші лейтенант әскери шені табысталды. Әскери шендерді Әскери кафедраның бастығы Олег Ажимов тапсырды.
1934 жылы құрылған Заң факультеті бүгінде еліміздегі заңгер мамандар даярлайтын жетекші ғылыми-білім беру орталықтарының бірі. Осы уақытқа дейін факультет мыңдаған білікті заңгерді даярлап, олардың басым бөлігі сот жүйесінде, прокуратура органдарында, ұлттық қауіпсіздік және құқық қорғау құрылымдарында, мемлекеттік қызметте, адвокатурада, нотариатта, халықаралық ұйымдар мен корпоративтік секторда жемісті еңбек етіп келеді.

Оқу барысында студенттер кәсіби даярлықтарын жетілдіруге бағытталған қосымша бағдарламаларға да белсенді қатысты. 2025-2026 оқу жылында 85 студент Алматы қаласы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаменті ұйымдастырған «Экономикалық қылмыстарды тергеп-тексеру» микробіліктілік бағдарламасын аяқтап, арнайы сертификаттарға ие болды.

Биылғы түлектер құқықтық ағартушылық жұмыстардан да шет қалған жоқ. Олар жаңа редакциядағы ҚР Конституциясын түсіндіруге бағытталған Жалпыұлттық коалицияның ақпараттық-түсіндіру іс-шараларына қатысып, қоғамдағы құқықтық мәдениетті нығайтуға өз үлестерін қосты.

Түлектер арасында спортта да биік белестерді бағындырған жастар бар. Солардың бірі – таэквондо ITF спортынан ҚР бірнеше дүркін чемпионы әрі халықаралық турнирлердің жеңімпазы Әділ Әбенов. Факультет түлегі Елдар Шекербек UNESCO-ның Спорттағы бейбітшілік елшісі, ашық суда жүзуден әлем чемпионы, Oceanman World Final және Oceanman Spain халықаралық жарыстарының жеңімпазы, Азия және Қазақстан чемпионы атанды.

Университеттің волейбол құрамасының мүшелері Жан Мақсұтхан мен Ернұр Омар да республикалық студенттік жарыстар мен Универсиадада жүлделі орындарға ие болып, ҚазҰУ намысын лайықты қорғады.
Салтанатты кеш студенттердің шығармашылық өнерімен жалғасып, ҚазҰУ гимнінің орындалуымен аяқталды.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі