ҚазҰУ делегациясы «INVIVO» кешенімен танысты — ҚазҰУ

91ý

ҚазҰУ делегациясы «INVIVO» кешенімен танысты

8 шілде 2026
ҚазҰУ делегациясы «INVIVO» кешенімен танысты

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің делегациясы Қазақстандағы жетекші клиникалық-диагностикалық зертханалар желісінің бірі – «INVIVO» зертханалық кешеніне жұмыс сапарымен барды. Кездесудің мақсаты –  ғылым, инновация және мамандар даярлау бағытындағы әріптестіктің жаңа мүмкіндіктерін талқылау.

       Делегация құрамында ылыми жобаларды талдау және үйлестіру басқармасының басшысы Н.Мейрамбекұлы, Supercomputer Center директоры Ә.Темірбаев, Биология және биотехнология ғылыми-зерттеу институтының директоры А. Бисенбаев, Биология және биотехнология факультетінің деканы М.Нармұратова, сондай-ақ Технологияларды коммерцияландыру және креативті индустриялар офисі директорының орынбасары А.Хохлов болды.

     ҚазҰУ өкілдері зертханалық кешеннің жұмысымен танысып, заманауи диагностика технологияларын, компанияның ғылыми әзірлемелерін және зертханалық үдерістердің ұйымдастырылуын көріп қайтты. Сапар барысында биомедицина, зертханалық диагностика және биотехнология салалары бойынша мамандар даярлау жүйесі мен білім беру бағдарламаларына ерекше назар аударылды.

      Кездесуде тараптар биотехнология, молекулалық биология, генетика, жасанды интеллект, биомедициналық деректерді талдау және жоғары өнімді есептеулер бағытында бірлескен жобаларды қолға алу мүмкіндігін сөз етті. Сондай-ақ бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізу, ғылыми нәтижелерді коммерцияландыру, студенттердің өндірістік практикасы мен тағылымдамаларын ұйымдастыру, академиялық байланыстарды кеңейту мәселелері талқыланды. Келіссөздер кезінде зертханалық диагностика, биомедицина және биотехнология салаларына заманауи технологияларды енгізу үшін ҚазҰУ-дың ғылыми әлеуеті мен «INVIVO» тәжірибелік мүмкіндіктерін тиімді кіріктіру жолдары қарастырылды.

     Жүздесу қорытындысында тараптар әріптестікті одан әрі дамытуға ниетті екендерін растады. Ынтымақтастық бірлескен ғылыми жобаларды жүзеге асыруға, бәсекеге қабілетті мамандар даярлауға және денсаулық сақтау саласына инновациялық технологияларды енгізуге бағытталмақ.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі