Жас дипломаттар қатары толықты — ҚазҰУ

91ý

Жас дипломаттар қатары толықты

8 шілде 2026
Жас дипломаттар қатары толықты

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Халықаралық қатынастар факультеті түлектеріне диплом табыстау салтанаты өтті. Биыл бакалавриат пен магистратура бағдарламаларын 300-ден астам жас маман тәмамдады. Олар кәсіби жолын дипломатиялық қызметте, халықаралық ұйымдарда, мемлекеттік басқару жүйесінде, ғылым мен бизнес саласында жалғастырады.

Салтанатты рәсім Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жастарға арнаған бейнеүндеуімен ашылды. Шарада ҚазҰУ Ректоры Жансейіт Түймебаевтың құттықтау хатын ғылыми-инновациялық қызмет жөніндегі проректор Марғұлан Ибраимов оқып берді.

Биылғы шығарылым факультеттің 30 жылдық мерейтойымен тұспа-тұс келіп отыр. Үш онжылдықта іргелі ғылыми-білім беру орталығына айналған факультет мыңдаған білікті дипломаттар, халықаралық құқық пен әлемдік экономика мамандарын даярлады. Олар бүгінде Сыртқы істер министрлігі жүйесінде, елшіліктер мен ірі трансұлттық компанияларда табысты еңбек етуде.

Халықаралық қатынастар факультеті – университеттің интернационалдандыру деңгейі ең жоғары құрылымы. Қазіргі таңда мұнда Франция, Қытай, Оңтүстік Корея, Түркия және Өзбекстан бастаған ондаған мемлекеттің жастары білім алады. Биылдың өзінде 19 шетелдік студент бакалавриатты, 23 шетелдік магистрант оқуды сәтті аяқтады, бұл факультеттің жаһандық білім кеңістігіндегі жоғары беделін айғақтайды.

2026 жылғы түлектер легі арасында ғылым мен қоғамдық өмірде елеулі жетістікке жеткен жастар көп. Солардың бірі – «Әлемдік саясат» бірлескен бағдарламасының түлегі Дінмұхамед Жақсыбаев. Ол магистрлік диссертациясын РФ СІМ жанындағы Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институтында (МГИМО) сәтті қорғап, қазақстандық халықаралық қатынастар мектебінің әлеуетін дәлелдеді.

Тағы бір үздік түлек – франциялық Адриан Давуст. Білімін ҚазҰУ-да жалғастырған ол бірнеше тілді еркін меңгерген. Адриан Қазақстан мен Франция басшыларының қатысуымен өткен ресми кездесулерде университет атынан өкілдік еткен. Оған дипломды Францияның Қазақстандағы Бас консулы Максим Герингердің арнайы табыстауы кештің ерекше сәтіне айналды.

Салтанатты шара соңында жас мамандар ұстаздары мен ата-аналарына сапалы білім, саналы тәрбие мен көрсеткен қолдаулары үшін шынайы алғыс білдірді.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі