524 түлек кәсіби өмірге жолдама алды — ҚазҰУ

91ý

524 түлек кәсіби өмірге жолдама алды

8 шілде 2026
524 түлек кәсіби өмірге жолдама алды

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Ректорат алаңында Экономика және бизнес жоғары мектебі түлектеріне диплом табыстау салтанаты өтті. Мерекелік шара жас мамандар үшін студенттік өмірдің жарқын әрі ұмытылмас қорытынды сәтіне айналды. 

Биыл факультетті 524 түлек тәмамдады, оның ішінде 355 бакалавр және 169 магистр бар.

Оқу жылдарында ғылымда, қоғамдық жұмыстарда, халықаралық жобаларда және студенттік өзін-өзі басқару саласында ерекше көзге түскен үздік түлектердің жетістіктері мерекелік кеште ерекше аталды. Солардың бірі – «Менеджмент» білім беру бағдарламасының түлегі Жәмила Жиенғалиева. Ол оқу мен ғылыми-зерттеу жұмыстарында, қоғамдық қызметте жоғары нәтижелер көрсетіп, халықаралық байқауда «Орталық Азияның үздігі» атағына ілікті. Жоғары оқу үлгерімі мен белсенділігі үшін төрт семестр қатарынан ҚР Президентінің стипендиясын иеленген Жәмила ҚазҰУ Студенттік сенатының мүшесі ретінде де университеттің қоғамдық өміріне зор үлес қосты.

Студенттік өзін-өзі басқаруды дамытудағы көшбасшылық қабілетімен «Экономика» мамандығының түлегі Дәулет Айтбаев та ерекшеленді. Ол Студенттік сенат төрағалары байқауының Бас жүлдесін жеңіп алып, университеттің дамуына қосқан үлесі үшін ректордың «Жылдың 100 үздік түлегі» құрмет грамотасымен марапатталды. Осы мамандықтың тағы бір үздік түлегі Диана Халижан студенттердің ғылыми-зерттеу жұмыстарында топ жарды. Ол республикалық байқауда «Экономика» бағыты бойынша І орын, академик Я.Әубәкіровтің 100 жылдығына арналған эссе байқауында ІІ орын иеленді. Оның ғылыми ізденістері мемлекеттік басқару мен экономиканы цифрлық трансформациялау мәселелеріне арналды.

Рәсім соңында түлектер өздеріне сапалы білім мен өмірлік бағыт-бағдар берген ұстаздарына, тәлімгерлеріне және ата-аналарына шынайы алғыс білдірді. Олар ҚазҰУ-да алған білім мен тәжірибе кәсіби биіктерді бағындыруға берік негіз болатынын ерекше атап өтті.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі