Жас ғалымдар мен инженерлер қанат қақты
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің механика-математика факультеті жоғары білікті, халықаралық деңгейде бәсекеге қабілетті мамандар даярлаудағы көшбасшылық орнын тағы бір мәрте дәлелдеп, биылғы түлектеріне диплом табыстады.

Салтанатты рәсім Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бейнеүндеуімен ашылды. Мемлекет басшысы жастарға арналған сөзінде олардың бойындағы білім мен күш-жігер ел игілігі мен отандық технологиялардың дамуына серпін беретініне сенім білдірді.

Факультеттің бұл буыны студенттік шақтан жасанды интеллект, робототехника, ғарыш технологиясы және іргелі ғылым саласында әлемдік деңгейде танылып үлгерді. Атап өтсек, «Робототехникалық жүйелер» бағдарламасының түлегі Нәлібек Рамазан Alem Tech Fest 2026 мен ШЫҰ елдерінің Future Engineers фестивалінде топ жарып, Әзірбайжандағы FICS-2025 халықаралық питчингінде үздік стартап иегері атанды. Осы бағдарламаның түлегі Мәдина Ғабиденқызы халықаралық аренада инновациялық жобаларын сәтті қорғап үлгерді. «Механика» бағдарламасынан Алтынай Құдайбергенова республикалық зерттеулер байқауында үздік шықса, Аружан Алжабаева Еуразиялық онкология форумында өз жобасын таныстырып, Huawei Talent бағдарламасы аясында AI Basics (жасанды интеллект негіздері) бойынша құзыретін бекітті.

Сонымен қатар факультет қабырғасында жүріп ғылымға бет бұрған жас зерттеушілердің де жетістігі орасан: «Есептеу ғылымдары және статистика» бағытының студенттері Аружан Сейітова, Аяужан Сейітова, Құдайберген Бекдәулет және Нұрдәулет Пірімжанов Scopus базасының ең жоғары бірінші квартиліне (Q1) кіретін Applied System Innovation және Algorithms журналдарында зерттеулерін жариялады. «Математика» бағдарламасынан Ұлбибі Алмас пен Назерке Кангужина Web of Science (Q2) базасындағы Journal of Mathematics, Mechanics and Computer Science журналында өз қолтаңбаларын қалдырды.

Сондай-ақ «Ғарыш техникасы және технологиялары» бағдарламасының түлегі Ахан Батенов халықаралық олимпиадалардың жүлдегері атанып, Scopus Q1 санатындағы Mathematics журналында мақала жариялап, факультеттің ғылыми мектебінің деңгейін көрсетті.

Университет ұстаздары мен басшылығы халықаралық ғылыми және ІТ ортада өзіндік салмағы бар жас мамандарға ақ жол тілеп, оларды жоғары технологиялар дәуірінде ел экономикасы мен ғылымының туын тігуге шақырды.


Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар