ҚазҰУ студенті шахматтан жеңімпаз атанды — ҚазҰУ

91ý

ҚазҰУ студенті шахматтан жеңімпаз атанды

10 шілде 2026
ҚазҰУ студенті шахматтан жеңімпаз атанды

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Жоғары экономика және бизнес мектебінің 1-курс студенті, спорт шебері Ерлан Тілеуханов 8-20 жас аралығындағы ұлдар мен қыздар арасында өткен шахматтан Орталық және Солтүстік Азия чемпионатының блиц бағдарламасында жеңімпаз атанып, алтын медаль жеңіп алды.

Беделді халықаралық жарыс Қырғызстанның Ыстықкөл жағалауында өтіп, Орталық және Солтүстік Азияның үздік жас шахматшыларын жинады. Қатысушылар түрлі жас санаттары бойынша бақ сынап, жоғары дайындық деңгейін, стратегиялық ойлау қабілетін және жеңіске деген жігерін көрсетті. Чемпионат халықаралық тәжірибе алмасуға, спорттық ынтымақтастықты нығайтуға және зияткерлік спорттағы дарынды жастарды анықтауға мүмкіндік берген маңызды додаға айналды.

Ерлан Тілеуханов блиц турнирінде сенімді ойын өрнегін көрсетіп, қарсыластарынан басым түсті. Шапшаң шахмат ойыншыдан терең талдау жасауды, қысқа уақыт ішінде дәл шешім қабылдауды және тартысты сәттерде сабыр сақтай білуді талап етеді. Осындай қасиеттерінің арқасында ҚазҰУ студенті жарысты сәтті аяқтап, жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілді.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың баспасөз қызметі