Деректерді өңдеудің жаңа алгоритмдерін игереді — ҚазҰУ

91ý

Деректерді өңдеудің жаңа алгоритмдерін игереді

13 шілде 2026
Деректерді өңдеудің жаңа алгоритмдерін игереді

Заманауи ғылым шекара танымайды. Әсіресе табиғи және техногендік қауіп-қатерлерді болжау, климаттық өзге­рістерді зерттеу секілді жаһандық мәселелер халық­аралық деңгейдегі бірлескен ізденістерді талап етеді. Осы бағытта Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық универ­си­тетінің география және табиғатты пайдалану факультеті шетелдік жетекші ғылыми мекемелермен байланысты үнемі нығайтып келеді. Оның жарқын бір дәлелі – жас ғалымдарымыздың әлемдік деңгейдегі зерттеу орталық­та­рында тәжірибе шыңдауы.

Бүгінгі таңда «Табиғи-техно­ген­дік қауіп-қатерлер» білім бе­ру бағдарламасының 2-курс докторанты Жасұлан Такибаев Германияның Потсдам қала­сын­да орналасқан халық­ара­лық деңгейдегі жетекші геоғылым орталықтарының бірі – GFZ (Helmholtz Centre Pots­dam – GFZ German Research Centre for Geosciences) база­сын­да өзінің ғылыми тағылым­да­масынан өтуде.

Германияның тарихи әрі ғылыми маңызы жоғары әйгілі Telegrafenberg кампусында орналасқан бұл орталық – гео­де­зия, геофизика, қашықтан зондтау, климаттық өзгерістер мен гидрология бағытында әлем­дік трендтерді айқын­дай­тын іргелі мекеме. Мұнда Жер шарындағы ең күрделі табиғи үдерістер заманауи техноло­гия­лардың көмегімен модель­де­неді. Қазақстандық жас ғалымның дәл осындай халық­ара­лық деңгейде танылған ғылыми ортада зерттеу жүргізуі отандық география, картогра­фия және инженерлік геология ғылымы үшін үлкен жетістік.

Тағылымдама жұмыстары жоғары деңгейде ұйымдас­ты­рылған. Жасұлан Такибаевтың зерттеулеріне GFZ ғылыми орталығының белді зерттеу­шісі, докторанттың шетелдік ғылыми кеңесшісі Аброр Га­фуров жетекшілік етуде. Тәжі­ри­белі халықаралық маманның бағыт-бағдар беруі отандық докторанттың зерттеу тақыры­бы­ның аясын кеңейтіп, оған әлемдік әдіснамалық тұрғыдан жаңа серпін беруге мүмкіндік туғызып отыр.

ылыми іссапар аясында докторант заманауи геоақ­па­раттық жүйелерді (ГАЖ) қол­да­нудың, қашықтан зондтау деректерін жоғары дәлдікпен өңдеудің және кеңістіктік тал­даудың озық әдістерін меңгеру үстінде. Әсіресе табиғи-тех­но­гендік үдерістерді (оның ішінде сел, көшкін, қар жамылғысынан ке­летін аймақтардағы қауіп-қатерлерді) модельдеу және спутниктік мәліметтерді нақты уақыт режимінде ғылыми зерттеулерге енгізу мәселесіне ерекше назар аударылуда.

Бүгінгі таңда климаттың жа­һан­дық жылынуы мен ан­тро­по­гендік әсердің артуы жағ­­дайын­да гидрологиялық және климаттық өзгерістерді дәл болжау – өмірлік маңызы бар міндет. Жас ғалым осы бағыттағы еуропалық әріптес­терінің тәжірибесін зерделей отырып, халықаралық ғылыми ортамен тығыз диалог орнатып, деректерді өңдеудің жаңа алгоритмдерін игеруде.

Бұл ғылыми тағылымдама жас зерттеушінің жеке кәсіби біліктілігін арттырып қана қой­май, Қазақстан мен Гер­мания арасындағы жоғары білім және ғылым саласындағы халық­аралық байланыстарды нығай­ту­ға үлкен септігін тигізеді.

GFZ орталығында жинақ­тал­ған құнды материалдар мен инновациялық геоақпараттық технологияларды игеру дағ­ды­лары докторанттың диссер­та­циялық жұмысының сапасын арттыруға тікелей қызмет ет­пек. Сонымен қатар бұл зерт­теу­лер болашақта еліміздің табиғи қауіп-қатерлердің алдын алу, аймақтарды сейс­ми­калық және геоморфо­ло­гиялық тұрғыдан аудандастыру мен қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытындағы отандық жо­баларда тиімді қолданылатын бо­лады. Жас ғалымның ізденіс жолына сәттілік тілейміз!

Ақтоты ӨТЕПҚЫЗЫ, 

Картография және геоинформатика кафедрасының оқытушысы