ҚазҰУ мен қытайлық компания жаңа орталық құрады — ҚазҰУ

91ý

ҚазҰУ мен қытайлық компания жаңа орталық құрады

18 шілде 2026
ҚазҰУ мен қытайлық компания жаңа орталық құрады

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті мен қытайлық «Tianjin Anhao Biotechnology Co., Ltd» компаниясы бірлесіп Синтетикалық биотехнология орталығын құрады.

ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев Қытайға жасаған жұмыс сапары барысында «Tianjin Anhao Biotechnology Co., Ltd» компаниясының басшылығымен кездесті. Жүздесу қорытындысы бойынша тараптар ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.

Кездесу барысында Жансейіт Түймебаев ынтымақтастықты кеңейтудің маңыздылығына тоқталып, Синтетикалық биотехнология орталығын құру Қазақстан мен Қытай арасындағы ғылым, білім және инновация салаларындағы байланысты нығайтуға ықпал ететінін атап өтті.

«Tianjin Anhao Biotechnology Co., Ltd» компаниясының өкілдері Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-мен ұзақ мерзімді әріптестік орнатуға және бірлескен жобаларды жүзеге асыруға мүдделі екендіктерін білдірді.

Жаңа орталық синтетикалық биология мен биотехнология салаларындағы бірлескен ғылыми зерттеулерді дамытуға, инновациялық жобаларды іске асыруға және озық технологияларды өндіріске енгізуге арналған алаңға айналады. Сонымен қатар Қазақстанның жетекші университетінің ғылыми әлеуеті мен қытайлық компанияның технологиялық мүмкіндіктерін біріктіру арқылы жаңа буын мамандарын даярлау және халықаралық ғылыми серіктестікті дамыту жоспарланып отыр.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі