Университет кірпішін қаласқан ұстаз туралы сыр
Қазақтың мұңын айтып, жоғын жоқтайтын, елі үшін еміреніп, өзіндегі барды өскелең ұрпаққа дарытуды ойлайтын, жалынды жастарға ақыл қосып, тек соларды қолдайтын Алаштың нар тұлғалы азаматтары жоқ емес. Солардың бірі және бірегейі – «Құрмет» орденінің иегері, екі мәрте ҚР мәдениет қайраткері, Журналистер одағы сыйлығының лауреаты, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың журналистика факультетінің аға оқытушысы, республикалық ән байқауларының жүлдегері, сазгер Құдиярбек Ағыбаевпен арамыздағы осындай достықтың жалғасын тапқанына да талай жылдың жүзі болыпты.
Тегі түрік Анахарсис бабамыздан қалған мына бір тәмсіл бар ғой: оның анасы грек қызы болған. Сондықтан грек тілін өз тіліндей меңгерген ол Грекияның Солон деген философына іздеп барып, «Саған дос болайын деп келдім» дейді. Солон оның өтінішін бірден қабылдамастан: «Досты өз елінен іздеген дұрыс болар» депті. Сонда Анахарсис бабамыз сөзден тосылмастан: «Сен өзіңнің еліңде тұрған жоқсың ба және өз сөзіңе жауап бердің. Бұл, ендеше, менімен достасқың келгені болар» депті. Мына адамның тегін емесін сезген Солон оны бірден жылы қабылдап, соңы өмір бойғы достыққа ұласыпты. Міне, сол сияқты Құдиярбекпен достығымыз да өткен ғасырдың 80-жылдарында Қостанай облысының астықты өңірінде басталған еді. Екеуміз әр күнді бірге атырып, тыным таппай, телерадио эфиріне егінді алқаптан арнайы репортаждар жүргізген едік. Одан кейін де Құдекең он жылдан астам тәуелсіз ҚР Парламентінде арнайы тілші болып қызмет атқарды. Оның осынау еңбегі ескеріліп, «Қазақстан Конституциясына – 20 жыл» мерекелік медалімен наградталды.
Өмірдің сан алуан соқпағын көрген Құдиярбек Молдабайұлы 1987-2000 жылдары ұзақ уақыт Қазақ радиосында кіші тілшіден бастап, бас директордың міндетін атқарғанға дейін қызмет етті. Республикадағы тұңғыш электронды БАҚ-тың бірі ретінде Қазақ радиосында «Тәулік тынысы», «Панорама дня» секілді ақпараттық-сазды бағдарламалардың цифрлық аппаратурадан хабар таратуына атсалысты. Он үш жылдай республиканың газет-журналдарында еңбек етті. Құдекең жастайынан эссе, өлең, әңгіме, мақала жазып, Шерхан Мұртаза, Мұқағали Мақатаев, Шәмші Қалдаяқов, Бекен Жамақаев сынды тұлғаларды өзіне мектеп етті.
1980 жылы көрнекті ақын М.Әлімбаевтың алғы сөзімен балаларға арналған бір топ өлеңі «Балдырған» журналында жарияланып, оқырман жылы қабылдаған еді. Содан бері оның әңгімелері, өлең-балладалары, очерктері республикалық басылымдарда жиі көрініп, «Жыл он екі ай», «Балалар әні», «Махаббат назы», «Береке бастауы», «Біз – октябратпыз» т.б. 10-нан астам жинаққа енді. «Қарлығаштар» – тұңғыш өлеңдер жинағы, «Үзілмеген үміт», «Парасат дәптері» деп аталатын повесі, «Айналайын», «Құлыншағым», «Сәлем – сөздің анасы» – балаларға арналған өлеңдері мен ертегілері, «Қазақ радиосы – 80», «Дешті Қыпшақ» – біздің сайт» (екі кітап) деп аталатын зерттеу кітаптары жарық көрді. Оның «Аймен жарысқан пошташы Жаманқұл», «Тазша бала», «Ала мысық», «Түйе қалай жыл басынан құр қалды?» деп аталатын сценарийлері бойынша «Қазақфильм» киностудиясында анимациялық фильмдер түсірілді.
Көңілі дархан Еділ, жаны – Жайық,
Қасымның өлеңіне әні лайық.
Бойыңда бар өнерді шығар жайып,
Қазақтың бір таланты – Ағыбаев, –
деп қазаққа белгілі ақын Сәрсенбек Бекмұратұлы жырға қосқандай, «жігітке жеті өнер де аз» демекші, Қ.Ағыбаевтың бүгіндері телерадио эфирінен, ютуб арналарынан жиі орындалып жүрген отыздан астам әні де бар. 2001 жылы Оңтүстік Кореяның LG компаниясы шығарған «Караоке» ән дискісіне 20 әні енген. Оңаша отырып ән жазғанда рухани күш алып, ұлттық мұра құндылықтарымыз, салт-дәстүрімізді, әдет-ғұрпымызды насихаттап, оның бүгіні мен ертеңін ойлайды. «Эстрада – заманның талабы. Алайда әнге деген көзқарас өзгеріп, дәстүрлі әнімізді ұмытпасақ, оның түп негізін ұлттық әуендерімізден іздесек екен», – деген жақсы тілегі бар.
Өнер демекші, Құдиярбек досымыздың өмір жолы да өзі еңбек еткен ҚазМУ-мен тығыз байланысты. 1969 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы Бәйдібек ауданының Алмалы ауылынан мектеп бітіріп келген жас түлек келесі жылы ҚазМУ-да ашылған алғашқы дайындық курсына түсіп, журналистика факультетіне қабылданады. 70-жылдары КазГУград қалашығының құрылысы қызу қарқынмен жүре бастады. «Университетстрой» тресі құрылып, бас корпустың іргесі көтерілді. Журналистика факультетінен екі студент: Әуез Бейсебаев пен Құдиярбек Ағыбаев 1974 жылы Спорт кафедрасы жанынан құрылған студенттік құрылыс отряды сапында (жетекшілері СССР спорт шеберлері В.Либерман, Ә.Бейсембеков) жаз бойы еңбек етіп, университеттің бас корпусы мен химия факультеттерінің кірпішін қаласуға атсалысады. Одан бері де жарты ғасырдан көп уақыт өткенін ескерер болсақ, университет іргесін қаласқан адамдарды бүгінде іздеп табудың өзі қиын емес пе?!
Қ.Ағыбаев – ҚазҰУ жастарының сүйікті ұстазы, үш бірдей құлынының әкесі, жеті немеренің атасы. Соғыстан кейінгі 50-жылдардың ұрпағы ол – бір кісідей қиындықты көріп өскенін жасырмайды.
– Үш абысын – үш ананың мейірімі мен махаббатын бойыма сіңіріп өстім, – деп еске алады ол жастық шағын. – Абысындар апалы-сіңлідей тату болды, бір-бірінің балаларын бөлектемей, өзінікіндей өбектеп өсірді. Қазақ содан да болар, «мың өліп, мың тірілсе» де, жойылып кетпеді. Анам екі жарым айлығымда қайтыс болды. Рухы пейіштің төрінде шалқысын, жатқан зираты былай тұрсын, менде суреті де жоқ. Ағам сегіз жаста еді. Анамның абысыны Қалыш апам екеумізді етегіне орап алды. Жолдасы соғыстан ауыр жараланып келісімен көз жұмған соң, Қалыш апам өзінің екі қызы Перизат пен Ұлбала әпкелерімді бізге салмақ түсірмесін деп, он бес-он алды жасында күйеуге беріп жіберді. «Әулеттің оты сөнбесін» деген оймен жалғыз өзі орыстың қойын бағып, қауын-қарбызын егіп, бар өмірін ағам екеумізді аман сақтап қалуға арнады. Қалыш апам қартайып көз жұмғанда, мені өзінің абысыны Науат анама табыстады. Ол да бауырына басып, қамқорлық көрсетті. Күздің ызғарлы желі анамнан екі жарым айлығымда жетім қалған менің денемді самал боп аймалап сүйді, қыстың бет қаритын аязы жұдырықтай жүрегімнен тараған қан тамырларыма айрықша жылу құйды, шілденің аптап ыстығы жаныма жай таптырар салқын леп боп есті, көктемнің жаймашуақ күні бұғанамды бекітіп, сүйектерімді қатайтып, аяғымнан қаз тұрғызды, – дейді ол.
«Тым болмаса, бір досы жоқ адам өмір сүрмей-ақ қойса болады» деген екен атақты Демокрит. Данагөй айтқандай, жан-жағына шуақ шашып, өз кәсібінен берекет тауып, кішіге – аға, үлкенге – іні бола білген Құдиярбек Ағыбаевтай абзал азаматтың арамызда жүргенін әріптестері, біз мақтан етеміз.
Әмір МОЛДАБЕКОВ,
филология ғылымының кандидаты
Басқа жаңалықтар