- Басты бет
- Жаңалықтар
- ҚазҰУ-да Davis University студенттеріне арналған халықаралық жазғы мектеп басталды
ҚазҰУ-да Davis University студенттеріне арналған халықаралық жазғы мектеп басталды
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Экономика және бизнес жоғары мектебінің «Менеджмент» кафедрасы Davis University білім алушыларына арналған халықаралық Жазғы мектепті ұйымдастыруда. Бағдарлама 2026 жылғы 20 шілде мен 7 тамыз аралығында өтеді.
Жазғы мектептің негізгі мақсаты – халықаралық академиялық ынтымақтастықты дамыту, білім алушылар арасында тәжірибе алмасуды жандандыру және адам ресурстарын басқару саласындағы заманауи білім мен тәжірибені бөлісу.

Бағдарлама аясында қатысушылар «Human Resource Management» («Адам ресурстарын басқару») пәні бойынша дәрістерге, тәжірибелік сабақтарға, интерактивті семинарларға және командалық жобаларға қатысады. Оқу үдерісі қатысушылардың кәсіби құзыреттіліктерін жетілдіруге, басқарушылық және көшбасшылық қабілеттерін дамытуға, сондай-ақ халықаралық тәжірибені меңгеруге бағытталған.
Сонымен қатар, жазғы мектеп бағдарламасы Қазақстанның тарихи-мәдени мұрасымен таныстыруға арналған мәдени-танымдық іс-шараларды қамтиды. Қатысушылар Алматы қаласының көрікті орындарын аралап, ұлттық мәдениетпен, салт-дәстүрлермен және қазақ халқының рухани құндылықтарымен жақынырақ танысуға мүмкіндік алады.
Аталған халықаралық жоба Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың білім беру кеңістігін интернационалдандыру, академиялық ұтқырлықты дамыту және әлемнің жетекші жоғары оқу орындарымен серіктестікті нығайту бағытындағы жүйелі жұмысының жарқын көрінісі болып табылады.
Жазғы мектеп қатысушыларына табысты оқу, мазмұнды тәжірибе және ұмытылмас әсерлер тілейміз!
Басқа жаңалықтар