ҚазҰУ студенті Азия чемпионатының күміс жүлдегері атанды — ҚазҰУ

91ý

ҚазҰУ студенті Азия чемпионатының күміс жүлдегері атанды

22 шілде 2026
ҚазҰУ студенті Азия чемпионатының күміс жүлдегері атанды

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіндегі Медицина және денсаулық сақтау факультетінің студенті Нұрбек Мурсал бокстан Индонезияның Джакарта қаласында өткен 23 жасқа дейінгі (U23) Азия чемпионатында жоғары нәтиже көрсетті.

70 келі салмақ дәрежесінде сынға түскен жас спортшы финалға дейін сүрінбей жетті. Жарыс қорытындысы бойынша ҚазҰУ студенті додада екінші орынды иеленіп, күміс жүлденің иегері атанды. 

Нұрбек Мурсал бокстан халықаралық дәрежедегі спорт шебері. Ол бұған дейін де халықаралық және республикалық деңгейдегі ірі жарыстарда жоғары нәтижелерге қол жеткізген. Атап айтқанда, 2022 жылғы жастар арасындағы әлем чемпионатының күміс жүлдегері (Испания), 2023 жылғы жастар арасындағы Азия чемпионатының қола жүлдегері (Астана), 2025 жылғы U22 Азия чемпионаты мен Үндістанда өткен Әлем кубогының күміс жүлдегері атанды.

Сондай-ақ спортшы Сербия, Босния және Герцеговина, Черногория, Испания және Қазақстанда өткен бірқатар халықаралық және республикалық турнирлерде жүлделі орындарға ие болып, бірнеше мәрте «Үздік техника» және «Үздік боксшы» аталымдарымен марапатталған.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі