Білім саласының басшылары ҚазҰУ филиалын аралады — ҚазҰУ

91ý

Білім саласының басшылары ҚазҰУ филиалын аралады

26 шілде 2026
Білім саласының басшылары ҚазҰУ филиалын аралады

Омбы қаласындағы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің филиалына Омбы облысының ғылым, жоғары білім және ғылыми-технологиялық даму министрі Александр Кольцов, ҚР Ресей Федерациясындағы Төтенше және Өкілетті елшісі Дәурен Абаев, Ф.М. Достоевский атындағы Омбы мемлекеттік университетінің ректоры Иван Кротт, сондай-ақ Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев арнайы барды.

 

Филиал 2024 жылдың 27 қарашасында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путиннің қатысуымен ашылған болатын. Бұл – Ресей Федерациясының аумағында ашылған қазақстандық жоғары оқу орнының алғашқы шетелдік филиалы.

Сапар барысында құрметті қонақтар филиалдың қызметімен және оны одан әрі дамыту перспективаларымен танысты. ҚазҰУ ректоры Жансейіт Түймебаев филиалдың материалдық-техникалық базасы мен білім беру мүмкіндіктері туралы ақпарат берді.

Оқу үдерісі жалпы ауданы 1 536 шаршы метрді құрайтын ғимаратта ұйымдастырылған. Мұнда 22 оқу-әдістемелік кабинет, компьютерлік және мультимедиялық орталық, заманауи кітапхана, сондай-ақ студенттерге арналған коворкинг аймақтары жұмыс істейді. Болашақ мамандарды даярлау үшін Шоқан Уәлиханов атындағы кеден ісі кабинеті, Абай Құнанбайұлы атындағы қазақ тілі кабинеті және Нәзір Төреқұлов атындағы халықаралық құқық кабинеті ашылған.

Делегация мүшелері филиалдың қабылдау комиссиясына да барып, 2026–2027 оқу жылына арналған қабылдау науқанының барысын көрді. Қазіргі таңда мұнда «Халықаралық құқық», «Кеден ісі» және «Қазақ тілі мен әдебиеті» білім беру бағдарламалары бойынша мамандар даярлануда.

«Алғашқы қабылдау қорытындысы бойынша филиалға 68 студент оқуға қабылданды. ҚазҰУ 50 студентке төрт жыл мерзімге оқу ақысына 100 пайыздық жеңілдік ұсынды. Ресей тарапы 100 білім беру грантын бөлді. Жаңа оқу жылында 250-ге дейін талапкерді қабылдау жоспарланып отыр», – деді  Жансейіт Түймебаев.

 

Сапар барысында филиалдың заманауи кітапханасына да ерекше назар аударылды. Қонақтарға шамамен 3 мың баспа басылымынан тұратын кітап қоры таныстырылды. ҚазҰУ ректоры студенттер мен оқытушылар үшін  университеттің электрондық кітапханасына және халықаралық ғылыми деректер базаларына толық қолжетімділігі қамтамасыз етілгенін атап өтті.

Филиалға арнайы барған делегация мүшелері оқу аудиторияларды аралап, студенттермен кездесті. Жастар оқу үдерісі мен филиалда білім алудың артықшылықтары туралы айтып берді.

Іс-шара соңында университеттің қоғамдық өміріне белсенді атсалысып, ҚазҰУ филиалының дамуына елеулі үлес қосқан қызметкерлер мен студенттерге Жансейіт Түймебаев арнайы сыйлықтар табыстады. Сонымен қатар ҚазҰУ ректорының «Алғысхатын» филиал директоры Мұрат Жанғазиев тапсырды.

 

 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі