ҚазҰУ-да АҚШ оқытушыларына арналған орыс тілі бойынша жазғы курстар өтуде.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде 2026 жылғы 4 шілде мен 2 тамыз аралығында Америка Құрама Штаттарынан келген оқытушылар мен жас зерттеушілерге арналған жазғы біліктілікті арттыру курстары өтуде. Білім беру бағдарламасын Филология факультетінің Шетел филологиясы және аударма ісі кафедрасы ұйымдастырды.

Курсқа АҚШ-тың әртүрлі білім беру ұйымдарының оқытушылары, мұғалімдері мен докторанттары қатысуда. Олар Ратгерс университеті, Индиана университеті, Ричмонд университеті, Флорида мемлекеттік университеті, Фэрбанкстегі Аляска университеті, Миссури университеті, Питтсбург университеті, Огайо штатының университеті және Мичиган университетінен келді. Бағдарламаға сондай-ақ Монтерейдегі Әскери шет тілдер институтының, Мэриленд штатындағы Гринбелт бастауыш мектебінің, Филадельфиядағы Авраам Линкольн атындағы орта мектептің және Аризона штатындағы Юма біріккен мектеп округінің өкілдері қатысуда.

Бағдарлама аясында ҚазҰУ-да АҚШ-тың 15 азаматы білім алуда. Курстар әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті мен «Америкалық халықаралық білім беру кеңестері» ұйымы арасында жасалған ынтымақтастық туралы келісім негізінде жүзеге асырылуда.
Курс бағдарламасына ауызша және жазбаша сөйлеуді жетілдіруге, сөздік қорды молайтуға, кәсіби және мәдениетаралық қарым-қатынас дағдыларын дамытуға бағытталған орыс тілі бойынша қарқынды сабақтар кіреді. Қатысушылар Қазақстанның тарихымен, мәдениетімен, дәстүрлерімен және заманауи дамуымен де танысады.
Оқу бағдарламасы мәдени-танымдық іс-шаралармен және экскурсиялық турлармен толықтырылған. Оқытушылар Алматы қаласы мен Алматы облысының көрікті жерлерін, музейлерін, мәдени және тарихи нысандарын аралайды. Бұл оларға Қазақстанның ұлттық мұрасы мен қазіргі өмірін тереңірек тануға мүмкіндік береді. Бағдарламаны іске асыру Қазақстан мен Америка Құрама Штаттары арасындағы академиялық және мәдениетаралық ынтымақтастықты нығайтуға да ықпал етеді.
Аймағамбетова М.М., Шетел филологиясы және аударма ісі кафедрасы
Басқа жаңалықтар