ҚазҰУ магистранттары Қытайда тағылымдамадан өтті
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің «Техникалық физика» және «Жылуэнергетика» білім беру бағдарламасының магистраттары 10 күнге жуық Қытай Халық Республикасында халықаралық тағылымдамадан өтті.
Аталған бастама 2025 жылы ҚР Энергетика министрлігі мен Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті қол қойған технологиялық құзыреттердің салалық орталығын құру туралы меморандумды іске асыру шеңберінде ұйымдастырылды.

Чунцин электр энергетикалық колледжінің ресми шақыруымен барған магистранттар энергия алудың озық халықаралық технологияларымен, электр энергетикасы, жаңартылатын энергия көздері және өндірістік үдерістерді цифрландыру саласындағы заманауи шешімдермен егжей-тегжейлі танысуға мүмкіндік алды.

Тағылымдаманың мазмұнды бағдарламасы барысында тыңдаушылар колледждің 2023 жылы пайдалануға берілген жаңа, жоғары технологиялы кампусының ғылыми-өндірістік базасын зерделеп, бірқатар мамандандырылған зертханалардағы практикалық сабақтарға белсенді қатысты. Жел энергетикасы зертханасында магистранттар жел энергиясын электр энергиясына түрлендіру үдерістерін визуализациялауға арналған оқыту стендтерімен жұмыс істеді.

Сутектік технологиялар зертханасында білім алушылар қарқынды дамып келе жатқан «жасыл» энергетика шеңберінде сутекті өндірудің, қауіпсіз сақтаудың және тиімді қолданудың перспективті бағыттарын зерттеді. Сонымен қатар ұшқышсыз ұшу аппараттары зертханасында электр беру желілері мен ірі энергетикалық нысандардың жай-күйін қашықтан бақылауға арналған дрондарды жобалау және баптау үдерістерін көрді. Релелік қорғаныс және автоматтандыру зертханасында магистранттар қосалқы станцияларды автоматтандырудың және технологиялық нысандарды басқарудың сандық жүйелерін модельдеуді меңгерді. Чунцин колледжінің жоғары тиімді моделі State Grid Chongqing Electric Power Company және China Huadian Corporation сияқты Қытайдың ірі энергетикалық корпорацияларымен тығыз дуальды интеграцияға негізделген, бұл академикалық теорияны нақты өндірістегі практикамен ұштастыруға мүмкіндік береді.

Алған тәжірибесін талдау негізінде магистранттар университеттің ғылыми-білім беру әлеуетін кеңейту бойынша кешенді бастама көтеріп, ҚазҰУ базасында энергия генерациялау үдерістерін имитациялауға арналған заманауи оқу-зерттеу стендтерімен жабдықталған мамандандырылған жел энергетикасы зертханасын құруды ұсынды. Бұл бастама Технологиялық құзыреттер жөніндегі салалық орталықты дамытуда маңызды рөл атқармақ.


Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар